Сіздерді 21 мамыр «Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен» шын жүректен құттықтаймын!
Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Сондықтан отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне алғыс айтамын.
Ауданнан шыққан өнерді жандарына серік еткен біздің мақтаныштарымыз жетерлік. Айрықша атап өтсек, ҚазССР халық әртісі Ү.Тұрдықұлова, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері М.Арынбаев, Ә.Қоржынбаев және т.б.
Мәдениет саласында өткен жылдың еншісіндегі жетістігі жетерлік. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында тұрғындар игілігіне бір мәдениет үйі пайдалануға беріліп, қазіргі таңда 150 орындық мәдениет үйімен кітапхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтсақ, Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысының Маргилан қаласында «Буюк ипак йули (Великий шелковый путь)» атты Халықаралық фольклорлық музыка фестиваліне Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің Халықтық «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі қатысып, жүлделі 1 орын иеленді.
Түркістан қаласында ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасында «Ауыл- мәдениеттің бастауы» облыстық байқауда Әлімтау ауылдық клубы Бас жүлде иегері атанса, Қызылжар ауылдық мәдениет үйі директоры «Үздік мәдениет қызметкері» арнайы жүлдесімен марапатталды. Қазақтың тұңғыш балетмейстері, халық әртісі Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына араналған Республикалық “Қайнар бұлақ” би фестиваль-байқауында “Еркетай” би тобы 1 орын иеленді.
Сонымен қатар, Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Сарыағаш аудандық “Еркетай” би тобы “Үлгілі” атағын алды. Халықтық «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі облыс бойынша «Жылдың үздік көркемөнерпаздар ұжымы» атанды.
Құрметті мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мәдениетіміздің қазынасына қосқан шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!