Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймын!
Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері аталып келеді.
Мәдениет саласы – еліміздің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады. Егемен еліміздің мәдени-рухани өркендеуіне өз үлесін қосып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихымызды насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғырту, елді бірлік пен ынтымаққа шақыру бағытында еңбек етіп отырған мәдениет пен өнер саласының алар орны ерекше.
Төлеби елі – ақындар мен әншілер елі. Жыр алыбы Қазанғап Байболов, Сатыбалды Тілеуов, талантты ақын, қоғам қайраткері Қуаныш Төлеметов, белгілі ақын Сатыбалды Дулати қазақ ұлтының мақтаныштары, ал эстрада жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Байғали Есенәлиев, Алтынай Жорабаева, Гүлнәр Сиқымбаева, опера әншілері Болат Бөкенов, Гүлзәт Дәуірбаевалардың есімі бар қазаққа мәшһүр.
Ауданда 15 мәдени ошақ, 31 кітапхана бар. “Ауыл-Ел бесігі” жобасы аясында Момынай елді мекеніндегі Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Киелітас елді мекеніндегі Мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға қаржы қарастырылып, биылғы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өңір мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін! Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен сусындатып жүре беріңіздер!
© Ізгі ниетпен,
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев