Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ​Шымкентте шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік пысықталды

​Шымкентте шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік пысықталды

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында туризм салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында қаладағы су нысандарында көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлер және қала аумағындағы шомылуға тыйым салынған су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Жиынға Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) басшылығы мен құтқарушылар, Палата басшылығы, кәсіпкерлер қатысты. ТЖД бастығының орынбасары подполковник Жамбыл Жабаевтың айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығында көрсетілген судағы қауіпсіздік қағидалары назарға алынады.

ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Нұржан Қаракөзев Шымкент қаласындағы 2024 жылғы шомылу маусымына дайындығы туралы баяндама жасады. «Биыл республика бойынша 12 адамның суға бату оқиғасы тіркелді. Шымкент қаласында жазатайым оқиға тіркелген жоқ. Келеңсіз жағдайдың алдын алу бойынша дайындық жүргізілуде. Қала әкімінің биылғы 2 мамырдағы «2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар туралы» қаулысында мүдделі мемлекеттік органдардың жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажет іс-шаралар кешені қамтылған. Біз өз тарапымыздан БАҚ беттерінде, көпшілік жиналатын орындарда халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді Нұржан Қаракөзев.

ТЖД басшыларының айтуынша, шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында түрлі тақырыптағы тыйым салу тақтайшаларын жасау және балаларды жүзуге тегін үйрету бойынша бассейн басшыларымен меморандумдарды қайта бекіту; БАҚ арқылы қауіпсіздік ережелерін кеңінен насихаттау; жазғы демалыс кезінде су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру; сондай-ақ, шомылуға тыйым салынған орындарда рейдтік шараларды тұрақты түрде жүргізу сияқты іс-шаралар атқарылуда. Жиында кәсіпкерлер құтқарушыларға сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*