Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Адам саудасы азаймай тұр

Адам саудасы азаймай тұр

Бүгінде дүние жүзіндегі ең ірі заңсыз бизнестердің бірі адам саудасы болып тұр. Бейресми деректерде бұл кәсіптің жылдық айналымы шамамен 15 млрд. АҚШ долларына дейін жететіні айтылады. Сондай-ақ, қазіргі адам саудасының құрбанына айналғандардың басым бөлігін қыз-келіншектер мен балалар құрайды екен. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, адам саудасы ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Африка, Шығыс Азия, Орталық Еуропа мен Балқан түбегінде жиі орын алады.

Ресми ақпараттарда жер шарында жыл сайын орташа есеппен 15-20 мың адам саудаланатыны айтылса, бейресми деректерде бұл көрсеткіш… екі жарым миллионға жуықтайды. Адам саудасының әлемдегі ең өзекті проблема болып тұрғаны да сондықтан. Осы проблеманың түйінін тарқату үшін бүкіл әлем есепсіз күш жұмсап жатыр.

Біздің елімізде де адам саудасына қатысты қылмыстар тыйылар емес. Оның көпшілігі жезөкшелік қызметке қатысты. Жеңгетайдың жетегіне еріп кететіндерді тәртіп сақшылары қанша жерден құрықтаса да, жеңіл жүрістілер етек-жеңін жияр емес. Олардың арасында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келетіндер аз емес. Ал, ер адамдар арасында аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, сауда-саттық секілді кәсіппен айналысуға келіп, құлдыққа түсіп кететін жағдайлар да орын алып жатады. Сонымен қатар, шетелге жұмыс іздеп барған қазақстандық қыздарды мәжбүрлеп, жезөкшелікке жегетін жағдайлар да кездеседі. Мәселен, біршама уақыт бұрын Бахрейндегі қонақүйлердің біріне жұмысқа шақырылып, барғаннан кейін қапияда құжатынан айырылып, зорлықпен тән саудасына салынған 21 қазақстандық қыз сексуалды құлдықтан босатылды. Жай-күйі белгісіз жандар қаншама? Оны Құдай біледі…

Елімізде мыңнан астам адам іс-түзсіз жоғалған деген дерек бар. Ал, халықаралық Walk Free атты ұйым Қазақстанда 75 мың адам құлдықтың қамытын киіп күн кешіп жатыр деп мәлімдеген. Бейресми ақпарат бойынша біздің еліміз адам саудасы бойынша 160-тан астам мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқаны айтылады. Осы орайда ресми мәліметтің болмауына жезөкшелікке салынғандардың көпшілігінің ашықтықтан қысылып, жұмысқа жегілгендердің қорқып шағымданбауы және мигранттардың құлдыққа түсуі жайлы толық деректердің болмауы себеп болатынын айта кету керек.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке тоқталып, қылмыстарды анықтау үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырған.

– Адам құқығын қорғау – күн тәртібінде. Бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл адам саудасымен күреске де қатысты. Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті, жағдай күрделі деп те айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Мен бұл мәселеге Жолдауда жеке тоқталдым. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал. Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің зардабын шеккен шетел азаматтарының бәріне көмек көрсетілуі тиіс. Мыңдаған адамның тағдыры мен Қазақстанның абыройы қабылданған шаралардың тиімділігіне байланысты, – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Ақиқатында адам саудасы өркениетті қоғамның айықпас дерті. Әлемдік сарапшылар адам күшін алмастырған технологияның әсерінен жұмыссыздық деңгейі өсуі мүмкін екенін айтады. Ал, жұмыссыз қалып, табысынан айырылған адамдардың бәрі бірдей нәпақасын адал жолмен табуға тырысады деп кім айтты? Қиындыққа тап болғандардың кейбірі біз қозғап отырған проблеманың құрбанына айналуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан бұл мәселені жеңу және алдын алу – бәрімізге ортақ міндет. Адам саудасы – әділетсіздіктің шегі. Өйткені, Ата Заңның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*