Жер бетінде құқықтық мемлекеттер саны басым, дегенмен адам саудасы, құлдық тәрізді келеңсіз құбылыстар тоқтаған емес. Адамды еркінен тыс құлдыққа жегу, жезөкшелікке салу, «тірі тауар» ретінде және бөлек ағзасын сату ең дамыған елдердің өзінде әлі күнге жойылмады,-деп хабарлайды «jetpisbai.kz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Өкініштісі сол, Қазақстан да адамды жан құрлы көрмейтін тірі тауар дәлізіне айналды. Таяуда 6 қазақстандықты шетел асырып, адам саудасымен айналысқан өзбек азаматы елордада ұсталды. Ал бұл қылмысты ауыздықтауға амал жоқ па?
Пенде өмірі кәсіп көзіне айналды
Өткен жылы ақпанда Қазақстанның Сауд Арабиядағы елшілігінің көмегімен Бахрейн полициясы сол елдегі 21 қазақстандықты сексуалдық құлдықтан босатқан. Жас қыздар жоғары жалақы туралы жалған уәдеге сеніп барған. Артынша Ішкі істер министрлігі қыздарды саудалаған қылмыстық топтың 9 мүшесін ұстады. Төртеуі – Қазақстан азаматы, төртеуі Бахрейн және біреуі Үндістан елінің тумасы екен. Бахрейнге барған қыздардың көбі оңтүстік өңірлерден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Әрқайсысын 5-15 мың доллар аралығында саудалапты. Жалпы, соңғы жылдары қазақстандық азаматтарды оңтүстік-шығыс елдеріне сатқан жайлар көп кездесіп жатыр. Сарапшылар жағдайы төмен отбасыдан шыққандар мен мол қаржы тапқысы келетіндердің адам саудасының құрбаны болып жататынын жиі айтады. Заңсыз бизнестен табыс табу жағынан адам саудасы қару-жарақ және есірткі сатудан кейінгі үшінші орында тұр. Оның өзі әлем бойынша шамамен 40 миллионнан астам адамды құрбан ететін трансұлттық қылмыстық ұйымдарды байытады. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлейтін халықаралық FATF тобының мәліметінше, жыл сайын адам сатудан 150 миллиард доллар пайда түседі. Осыдан-ақ жағдайды болжай беріңіз. Қазақстан Конституциясының 1-бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» екені көрсетілген, ал адам саудасымен айналысқандарға көзделген жаза жеңіл ме? 2020 жылдың 1 қаңтарында Қылмыстық заңнамаға бірнеше өзгеріс енгізілді. Солардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға байланысты баптар да болды. «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырды. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қамалатын. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты жаза күшейтілді. Бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адам 3-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қалды – 15 жыл қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Адам саудасының жазасына байланысты тартыстар көп. Кей елдер өлім жазасын, енді бірі ұзақ жылға түрмеге қамауды сұраса, басқа сарапшылар ауыр жаза ештеңе шешпейтінін баяндайды.
«Қылмыскерге жаза түзету үшін қолданылады. Оны қинау мақсатында емес. Түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл да жеткілікті. Ал түрмеде неғұрлым көп отырса, соғұрлым «жазасын тартады» деп ойлау жөн емес. Мысалы, қамауда 10 жыл отырған адамға мерзімнің ұзақтығы кері әсер етіп, қоғам өмірін жатсынып, қылмыстан алыстамауы мүмкін. Сондықтан қазіргі Қылмыстық кодекстегі адам саудасына байланысты баптар жеткілікті мерзімді көздейді. Мемлекет жазалаушы емес – түзетуші», – дейді заңгер Талант Рамазанов.
Қазақстанда адам саудасы 2012 жылдан бастап қатты белең ала бастаған. 2019 жылы жүргізілген зерттеулер қорытындысында «осалдық индексі» елімізде 43% болыпты. Әрбір екінші қазақстандық осындай сауданың құрбаны болып кетуі мүмкін дегенді білдірсе керек. Бірақ ескере кетер жайт – әлемде адам саудасын толығымен нәтижелі ауыздықтаған тәсілдер жоқтың қасы. Бұның себебін сарапшылар адам саудасындағы ақшаның тым көп екенімен түсіндіреді. Дегенмен жауаптылар қол қусырып отырған жоқ. 2019 жылы елімізде адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалған, оның 59-ы адам ағзасын сатуға қатысты болған. Бұл ретте ІІМ 2017 жылдан бері адам ағзасының заңсыз саудасы және трансплантациясымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі. Олар 2 жылда Украина, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мемлекеттерінен донор тауып, олардың бүйрегін израильдік репициенттерге өткізіп отырған. Қылмыстық топ 57 заңсыз трансплантациялық ота жасап, шамамен 10 миллион доллар табыс тауыпты. Олардың бірі Словенияда қолға түсті. ІІМ Тергеу департаменті сол трансұлттық топтың үстінен қозғалған тергеуді тек былтыр аяқтады.
Құрбандардың нақты саны белгісіз
Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінде адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұзағына әлемде жыл сайын 40 миллионға жуық адам ілігетіні айтылған. Ал БҰҰ дерегінше, Қазақстанда құлдық қамытын киген 75 мың адам бар. Бұл көрсеткіш Ресейде 794 мың межесінде. Мұның бәрі болжам күйінде, шындығында әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал елімізде соңғы 16 жылдың ішінде ресми 1,5 мың қылмыс тіркелген. Жыл сайын 180 қылмыстық іс қозғалады. Айтатын бір жайт – адам саудасынан жапа шеккендердің 71 пайызы әйелдер екен. Бірақ биыл елдегі Дағдарыс орталықтары одағы құлдық бойынша сатылатындардың басым бөлігі ер-азаматтар екенін мәлімдеді. Күдікті шақыртулар көп жағдайда Қытай, Корея, Түркия және Еуропа елдерінен түседі. Сарапшылардың айтуынша, әлемде екі жарым миллионға жуық адам – құл алып-сатушылардың қолында. Жыл сайын мыңдаған ер-азамат, әйел мен балалар өз елі мен шетелдегі адам саудалаушылардың қолына түседі.
«Қазір республикалық жобаны іске асыру мақсатында біздегі 11 қалада Үкіметтік емес ұйымдардың серіктестері жұмыс істейді. Олар адам саудасының құрбаны болғандарға көмектеседі. Статистикаға сүйенсек, 2019-2020 жылдар аралығында 258 адам адам саудасының құрбаны болған. Оның 80 пайызы – ер-азаматтар. Демек, адам саудасының құрбаны болатындардың дені ер адамдар болып отыр», – деді «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова.
1 200 адам із-түзсіз жоғалды
Былтыр ІІМ-нің Криминалдық полиция департаменті 1 200 адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін жария етті. Оның 22-сі – бала, көбі – қызметтік іссапарға шыққан, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кеткен, автокөлік, жүк тасымалдауға аттанған ер адамдар. 2019 жылы адам саудасы бойынша баяндамасын жариялаған АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанды «бақылау тізіміне» енгізді. Көп ұзамай Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова адам саудасына қарсы күрес шараларына қатысты ахуалға алаңдап, Үкіметке ресми хат жолдағанын білеміз. Маманның пікірінше, елдегі адам саудасы қылмыстары толық ашылмай жатыр. «Қазақстандағы адам саудасы фактілері мен қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты ресми статистика Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанды қоса алып салыстырсақ, айтарлықтай төмен. Яғни, мұндай қылмыстық істерді анықтау, тергеу және жазалау жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын байқатады, – деген болатын Эльвира Азимова.
Алаңдатары сол, адам саудасындағы түйткілді, құрбандардың көп екенін ІІМ де мойындап отыр. Практика көрсеткендей, елдегі сауданың құрбандарының көбі – Орталық Азия елдерінің азаматтары. Пайызға шақсақ, 90 пайызы – қазақстандықтар. Адам саудасындағы құрбанның ең басты қателігі – арбауға алдану. Internet World Stats ұйымы Қазақстанды интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына кіргізген. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шектеу және ағарту жұмыстарын күшейткен абзал.