Тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Отырар ауданында жалғасын тауып жатыр. Аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерін де қамтитын тазалық шарасы жалпыхалықтық сипатқа ие бола бастаған, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардан бөлек ауыл тұрғындары да атсалысып, көше бойларын күл-қоқыстардан тазарту мен қоршауларды ретке келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Аталған игі шаралар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық. Осы мақсатта бүгін аудан орталығындағы сенбілік жұмыстарына қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов табиғат жанашырларына алғысын айтып, барша жерлестерді табиғатты аялауға, тазалық сақтауға шақырды. Тек қана сенбілік есебінде аталып өтпей, жүйелі түрде жасалатын іс болуы керек екенін айтты.
Ауылдың таза, ажарлы болуы ортақ іс екендігін баса айтқан Жансұлтан Әділжанұлы көше мен аула тазалығын күн сайын қадағалап отырудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кету керек , аудан ортылығындағы «Ұ.Арғынбеков», «Жібек Жолы» даңғылы бойынан бастау алған тазалық жұмыстары барысында арам шөптер оталып, қоқыс қалдықтары тазартылды. Одан бөлек арнайы орындар мен мекемелердің қоршаулары сырланып, ретсіз жатқан шөптер шабылды. Сенбілік жұмыстарына «Отырар — 2050» көгалдандыру мекемесінің арнайы техникаларымен қатар жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қоқыс шығаратын көліктер жұмылдырылды. Жиналған қоқыс қалдықтары арнайы полигондарға жеткізілді.
© Jetpisbai.kz