Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансултан Сейтжановтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілістің күн тәртібінде 5 айдың қорытындысымен төмен болған кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы негізгі көрсеткіштердің 6 айдағы орындау жоспары туралы, ауданның коммуналдық меншігіндегі мүліктердің жай-күйі туралы, аудандағы кенеге қарсы атқарылған іс-шаралар туралы мәселелер қаралды.
Алдымен бірінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық баяндаса, коммуналдық меншіктегі мүліктердің жай-күйі туралы Көлбай Асқар хабарлама жасады.
Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы саласын дамыту және осы бағыттағы жоспарлы жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру үшін қажетті шараларды тиісті деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығын айтқан Жансұлтан Әділжанұлы жауапты бөлім басшысы мен ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Мұнан соң аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Рысқұлов пен Түркістан облысы ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызмет» МКК-нің Отырар аудандық филиланың басшысы Е.Сейтқазиев аудандағы кенеге қарсы (Конго-қырым қанды геморрагиялық қызбасы) атқарылған іс-шаралар туралы баяндама жасады.
Биыл өңірімізде Қырым геморрагиялық қызбасы аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай отыр. Облыс аумағы Конго-Қырым қанды қызбасының эпидемиологиялық қолайсыз және эндемиялық табиғи ошағы болғандықтан, жыл сайын медицина қызметкерлері тарапынан дер кезінде толық эпидемиологиялық анамнез жинау, диагностикалау жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігі туындауда.
Жиын барысында Жансұлтан Әділжанұлы аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, күдікті науқастар мен қарым-қатынастағыларды толық медициналық бақылауға алып, алдын алу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
© Jetpisbai.kz