Aудан әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан ауылдық округінде (Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізінің бойында) салынып жатқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мәдени-спорттық кешеннің құрылысын бақылап көрді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған нысанның құрылысы 2021 жылдың І-тоқсанында басталған. Аумағы 5 Га құрайды. Жобаға сәйкес нысанда кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, конференц залы, спорт залы, спортшылардың киім ауыстыруға, жуынуға арналған және басқа да қажетті бөлмелер болады деп күтілуде. Сондай-ақ ғимараттардың аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылмақ.
Кешен құрылысын аралап көрген аудан басшысы мердігер компанияның өкіліне құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын алға тартып, жұмыс күшін ұлғайтуды және жұмыс жобаға сәйкес жүргізілу керектігін айтты. Ал аудандық құрылыс бөлімінің басшысына құрылыстың кестеге сәйкес жүргізілуін және мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
© Jetpisbai.kz