Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Шымкент қаласының әкімі бірнеше нысандарда болып, жұмыс барысымен танысты

Шымкент қаласының әкімі бірнеше нысандарда болып, жұмыс барысымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында сала мамандарымен бірге Қаратау ауданындағы Таңбалытас көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы, жауапты мердігер ұйым тарапынан асфальт төсеу жұмыстары аяқталып келеді. Жақын күндері көлік қозғалысына ашылатын да болады. Сондай-ақ әкім Тұран ауданындағы Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығында болды. Апатты жағдайдағы ескі ғимараттарды қарап шыққан қала әкімі, ондағы сүру жұмыстарын, балаларға арналған қосымша үйірмелер орналастырылатын жаңа ғимараттарды салу мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.

Одан әрі «Металлург» спорт кешенінің, «Дархан» сауда нүктесінің және «Ontustik» телеарнасы ғимараттарының жағдайымен де танысып, жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қала әкімі аралау жұмысы барысында Қазыбек би көшесінің, Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзардың санитарлық жағдайын, «Көлді» және Жібек жолы-Сайрам көшелерінің қиылысындағы жаңа серуендеу аймағын абаттандыру жұмыстарын да бағамдады. Аралау және жол құрылыстарын тексеру барысында қаланың көлік жүйесін дамыту мақсатында Қайтпас шағынауданындағы Алтынсарин көшесін Тұран шағынауданына дейін кеңейту және тесу жобасы қаралды. Бұл жобаның нәтижесі көлік ағынын, жүктемені реттеуге үлкен мүмкіндік беретін болады.

Еске салсақ, Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков қала аумағын жиі аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен жіті танысады. Мұның алдында әкім теміржол вокзалында болып, жаңа әуежай терминалының құрылысымен де танысқан еді. Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*