Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылары, Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшылары, аудандық басқармалардың мамандары, дін өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Кеңес отырысында көпшілік тамақтану орындарындағы қауіпсіздік туралы түсіндірілді.
«Қоғамдық орындарда, көпшілік тамақтану нүктелеріндегі азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуы – аса маңызды. Жуырда әлеуметтік желіде картоп қытырлағы өнімінің санитарлық талаптар сақталмай әзірленіп жатқаны туралы жазба тарады. Қазіргі таңда бұл факті бойынша тексеру жүруде. Жалпы, кәсіпкерлерге айтарымыз, мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына үлкен қолдаулар көрсетілуде, дегенмен, тиісті заң талаптары сақталмай жұмыс істеп тұрған нысандар да кездеседі. Мұндай жағдай тұрғындардың денсаулығына зиян тиюі мүмкін. Кез келген нысан, оның ішінде тамақтану қатысты нысандар қызметін бастамас бұрын бірінші кезекте қолданыстағы нормативті-құқықтық актілерге сәйкестендірілуі тиіс», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.
Мамандар, сонымен қатар, Құрбан айты мерекесі кезінде құрбандық шалудың санитарлық талаптары туралы түсіндіріп өтті.
«Құрбандыққа шалынатын мал арнайы орындарда сатылу және сойылу тиіс, әр жануардың тиісті ветеринарлық құжаттары болуы керек. Мал сою орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталып, қалдық уақтылы залалсыздандырылуы тиіс. Көпшілікке дастарқан әзірлеген жағдайда да санитарлық талаптар сақталуы керек», – деді Алдарқұл Ахметов. Жиында кәсіпкерлер сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.