Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТ: 2022 ЖЫЛЫ БЕСІНШІ АУДАН ҚҰРЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ: 2022 ЖЫЛЫ БЕСІНШІ АУДАН ҚҰРЫЛДЫ

2018 жыл – Қазақстан Республикасы картасындағы әкімшілік-аумақтың құрылымына елеулі өзгеріс енуімен есте қалды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкент қаласының тұрғын саны 1 миллионға жетіп, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Осынау тарихи шешім қабылданған 19 маусым Шымкент қаласының күні болып белгіленді.

2014 жылға дейін Шымкентте аудандардың саны үшеу (Абай, Еңбекші, Әл-Фараби) болған. 2014 жылы төртінші аудан құрылып, оған Қаратау деген атау берілген. Ал, 2022 жылы, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген төртінші жылы, тағы бір жаңа аудан – Тұран ауданы құрылды.

Шымкент – халқының саны тез өсіп келе жатқан қала. Ресми дерекке жүгінсек, мегаполис тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейеді екен. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында жер көлемі жағынан бірінші орында тұр. Мегаполистің аумағы Алматыдан екі есеге жуық үлкен.

«Шымкент қаласы – еліміздегі үш мегаполистің бірі. Қала аумағы Алматы (682 км²) және Нұр-Сұлтан (797,33 км²) қалаларынан үлкен – 1 170 км². Бесінші ауданды құру қажеттілігі қала территориясын одан әрі дамыту мен саны күн санап өсіп келе жатқан қала халқына сапалы қызмет көрсетуден туындап отыр»

2013 жылы Шымкентке көршілес Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан ауыл типтес 41 елді мекен қосылды. Жасыратыны жоқ, жаңа ауылдарда шешілмеген әлеуметтік проблема өте көп болды. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе.

Бесінші ауданға Абай мен Әл-Фараби ауданынан 220,7 мың тұрғынымен 21 елдімекен мен тұрғын алабы және орталық аумақтар өтті. Олар: Арғымақ, Ақжар, Айкөл, Ақтас, Ақтас-2, Агропром , Жаңаталап, Қорғасын-1, Қазығұрт, Құрсай, К.Маркс, Наурыз, Отырар, Спорт, Самал-1, Кіші Самал, Түркістан, 112 орам, №3, №4, №8 аудандары мен орталық аумақтар.

Тұран ауданы мегаполис аумағының 32%-ын құрайды, яғни жалпы аумағы 36,3 мың га. Ауданда 533 даңғыл мен көше болса, тұрғын үйлер саны — 39 357. Соның ішінде көп қабатты үйлер – 526.

Сонымен қатар, жаңа аудан құрамына 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі, 5 саябақ өтті.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*