Бүгін Шымкентте халықаралық стандарттарға сай, заманауи жаңа стадион құрлысының іргетасы қаланады.
Тұран–2 шағынаудан аймағында бой көтеретін стадионның салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, футбол жұлдыздары, танымал блогерлер және спорт жанкүйерлері қатысады.
Жаңа аренаның аумағы- 21 гектар. Бұл ерекше халықаралық талаптарға сай салынатын спорт аренасы еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі болмақ.
Айта кету керек, қала әкімі Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беру барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатын. Сол кезде Президент биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берген еді.
Осыған орай, биыл 35 мың орынға есептелген стадион құрылысын бастап, 2026 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған.
Ал қазіргі таңда Шымкентте тек Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы «Орталық» стадион бар.Ол 1969 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Әкімнің айтуынша бұл стадионды да реконструкциядан өткізіп, команданың қосалқы алаңына және жеңіл атлетикадан ұлттық команда жаттығатын орынға айналатын болады.
Сонымен бірге, Шымкент қаласының әкімі кезекті рет қаланы аралап, халық игілігіне берілетін бірқатар демалыс нысандарының дайындығын тексерді. Олардың қатарында жоғарғы базардағы «Көл» және Ордабасы алаңындағы субұрқақтар бар. Екі нысанды қайта құру жұмыстары аяқталып, сенбі күні ашылуы болып, қала тұрғындары мен қонақтары шоғырланатын жаңа орынға айналмақ.
Сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақтың санитарлық жағдайын тексерді. Тексеру барысында жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, саябақтардың абаттандыру және жарықтандыру мәселелерін ерекше бақылауға алуды ескертті.
Ұзындығы алты шақырым жаңа серуендеу аймағын абаттандыру жұмыстарымен де танысты Аумақ жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін көрнекті орынға айналады. Сондай-ақ, жақын арада жүгіру және велосипед жолдары бар серуендеу аймағын да ашу көзделіп отыр.
Қала әкімі одан әрі Тәуке хан даңғылының, Аймауытов, Әлімбетов, Шаймерденов, Төреқұлов, Байтұрсынов және Желтоқсан көшелерінің суару жүйелерінің, арық- атыздардың жағдайын, санитарлық ақуалын бақылады. Жаяу аралау кезінде аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларына барлық ескертпелерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.