Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

«ТАЗА БЕЙСЕНБІ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын тапты. Бүгін экологиялық акция аясында Еңбекші ауданындағы Бадам өзенінің бойы қоқыстан тазартылды. «Таза QAZAQSTAN» жалпыұлттық жобасы аясында өткен іс-шараға партия филиалының қызметкерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Бекайдар Төлегенов, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депуттары, жастар тазалыққа үлес қосты. Өзен бойында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудандық «Группа интеко» ЖШС коммуналдық мекемесінің жұмысшылары да жұмылдырылды. Жалпы 200-ден астам адам экоакцияға белсене қатысты.
«Таза бейсенбі» іс-шарасы барысында өзен-көлдердің жағалауын тазарту, тарихи, мәдени ескерткіштердің айналасын абаттандыру, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Қоғам қайраткері Еркін Сатқанбаев тазалықтың мән-маңызы зор екенін атап өтті.
– Акцияға арнайы келіп отырмын. Қала – ортақ үйіміз. Өмір сүретін ортамызды, қаланың көшелерін, өзен-көлдердің жағалауын, демалыс орындарын таза ұстауымыз керек. Жалпы тазалықты үйден бастау керек. Тазалық – үлкен мәдениет. Халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрі. Жастар – біздің болашағымыз. Олар да бүгін акцияға белсене үлес қосып жатыр. Тазалық ұғымын жастардың санасына сіңіріп, оларға үлгі көрсетудің маңызы зор, – деді Е.Сатқанбаев.
Ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партияластар аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешеді. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды міндеттері тұр.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында барлық өңірлерде алдын ала елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары жасалған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*