Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар ая­сында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органда­рына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес маусым айының 24 күні Созақ аудандық төтенше жағдай бөлімінің жеке құрам қызметкерлерімен бірлесіп «ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!» атты республикалық акциясы өтті.
Іс шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Ақбаев, Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қорғау тобының инспекторы Айжан Манапова, «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» секторының маманы Біржан Саржанов, психологы Құралай Ыдырысова қатысты.
Шара барысында Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қорғау тобының инспекторы Айжан Манапова Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 15 сәуір күні «Қазақстан Республикасынның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойылғандығы туралы айтып өтіп, сол заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Ол дұрыс емес. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына әсер етіп (жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу, тағы басқалары.

«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып  келуі мүмкін.

Әйелдерге қатысты зорлық- зомбылық әлемнің барлық аймағында таралған және кез кел­ген қоғамда кездесетін жағдай. Нәзікжандыларға қатысты зорлық- зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шығу тегін ғана қозғап қоймай, со­нымен қатар, басқа жағдайлардан туындайды. Тұрмыстағы зорлық- зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алмай келеді. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тыры­сады. Аталған өзекті жайт туралы тек акция қарсаңында ғана емес, күнделікті айтылу керек.
Зорлық зомбылық жасауға бірнеше негізгі себептер бар. Ең қарапайымдары – ішімдікке, нашақорлыққа, құмар ойындарға тәуелділік зорлық-зомбылыққа итермелейді. Алайда, статистикаға сәйкес отбасылық жанжалдарға басқа да себептер әсер етіп жатады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы еліміздің азаматтрының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, құқықтық заңдылықтың сақталуын қадағалау, отбасы мүшелерінің заңды мүдделерінің сақталуына кепілдік беру, еліміздің кез келген мүшесінің дене зардабын және психикалық зардап шегуіне жол бермеу, отбасы құндылығын қолдау және сақтау, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу секілді әрекеттерге негізделеді. Ең алдымен зорлықшының құрбаны өзі жайлы ақпаратты ашық айтуы қажет. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін сол жандардың өтініштері немесе хабарламалары, құқық қорғау орындары қызметкерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалу не оны жасауға әрекет ету дерегін тікелей анықтауына негіз болатын дәлелдер керек…
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе қатігездікке тап болған әйелдер, балалар немесе қарт ата-аналар ұшырауда. Құқық бұзушылықтардың осы түрлері латенттік сипатқа ие, өйткені бұл отбасындағы жақын адамдардың арасында орын алады.
Қылмыстық заңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түрлі құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұған денсаулыққа түрлі ауырлықтағы зиян келтіру, қорқыту, ұрлау, қинау, адам өлтіру, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, ұрып-соғу, азаптау, жыныстық дербес құқықтылыққа қарсы қылмыстар, адамдардың саудасы және басқа да қылмыс түрлері жатады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тікелей сол зорлық жасалған тұлғаларға ғана емес, жалпы қоғамға да ауқымды залал алып келеді. Отбасында жиі орын алатын зорлық-зомбылық бірінші кезекте отбасының кәмелеттік жасқа толмаған мүшелеріне әсер етіп, олардың үйлесімді дамуына кедергі келтіреді, некенің бұзылуына алып келеді. Алайда некенің бұзылуы жәбірленушіні зорлық-зомбылықтан құтқара алмауы да мүмкін.
Жиі туындаған құқық бұзушылықтар пәтердің үйдің шегінен шығып, өзге әлеуметтік салалардағы адамдардың құқықтары мен еркіндігін бұзады. Өз отбасы мүшелеріне қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасайтын тұлғалардан қарсы тұрамын деп немесе жәбірленушіні қорғаймын деп көршілері, жұмыстағы әріптестері, таныстары немесе бөтен тұлғалар зардап шегуі мүмкін.
Құқық бұзушыға қатысты мынадай әсер ету шаралары қарастырылады:
  • Профилактикалық әңгіме;
  • Қорғау нұсқамасын шығару;
  • Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;
  • Құқық бұзушының мінезіне ерекше талаптар белгілеу;
  • Сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көп жағдайда ашық айтыла бермейді. Сондықтан әркім мұндай жағдайға жол бермеуі тиіс. Мұнымен күресте қоғам болып атсалысу қажет. Сонда ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*