Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Ішкі істер органының ардагері Мұхтар Ермековтің төрағалығымен консультативті кеңесші органның отырысы өтті. Оған полиция полковнигі Б.Сапар, ІІО-ның ардагері Оспанғазы Жанқожаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сейдулла Садықов, мәслихат депутаты Б.Сүлейменов, «Түркістан» газеті редакциясының бас директоры М. Дәулетов және жеке құрам қатысты.
Күн тәртібінде полиция қызметкерлерінің құмар ойындарға тәуекелділіктері (лудомания) тұрғысындағы мәселелер қаралды. Бұл бойынша баяндамашы департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Жеке құрам инспекциясы қызметкерлерімен ұдайы алдын алу шаралары өткізіліп, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ жасөспірімдер арасында орын алып жатқан қылмыстар мен оның алдын алу мақсатындағы іс-шаралар туралы айтылды.
Айта кетсек, жыл басынан бері полицейлермен атқарылған жұмыс нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 12,5% төмендеген. «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік», «Абайлаңыз балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер жалғасуда.
Жиын соңында консультативті-кеңесші органның мүшелері көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, жұмысты жандандыруды тапсырды.