Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілі Тұңғышбаев Ерұлан Икрамұлының төрағалығымен және білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізілді.
Ерлан Икрамұлы Тұңғышбаев баяндамасында Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістерге қатысушылардың назарын аударды:
- Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл өзгерістің ерекшілігі, біріншіден – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының жасалуы, екінші өзгерісі – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты.
- Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігін тоқтату. Бұл арқылы жемқорлардың артықшылықтары жойылды.
- Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді.
Сонымен қатар, Е.И.Тұңғышбаев «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТБН-4 жобаларын орындау бойынша түсініктеме берді. Жобалық басқару — бұл, ең алдымен, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін көрсетуде, нақты нәтижелерге қол жеткізуде, сондай-ақ формализмнен алшақтауда көрініс тапқан институционалдық реформалардың маңызды кезеңі. ТБН-4 шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру үшін мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу, қоғамда және ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, басшылыққа, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Колл орталығына (1424 ) дереу хабарлау керектігін ескертті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің бірден-бір қолға алған факторларының бірі. Оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып, атқарылған жұмыс аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», деп атап өтті. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық ауқымдылығына ғана байланысты ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.