Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері үш тәулікте 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Полицейлер балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 53 ата-ананы жауапқа тартты. Ұсақ бұзақылықтың 16 фактісі мен қоғамдық орында мас күйінде болудың 7 фактісін анықтады. Түнгі рейдтер барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуының 446 фактісі тіркелді.
«Түркістан қаласында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасынсыз үйден тыс жерде болуының 30-ға жуық фактісі анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер берілді. Іс — шара алдағы уақытта да жалғасады», — деп атап өтті Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Е. Асқаров.
Жалпы «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы кезінде құқық бұзушылық жасауға бейім 56 жасөспірім мен қолайсыз 24 отбасы профилактикалық есепке алынды. Тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 118 кәмелетке толмаған мен 168 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды және оларды қараусыз қалдырмауды ұсынады.