Әлемдегі ең қауіпті қылмыстардың бірі – есірткі қолдану және тасымалдау, сату бизнесі. Қылмыс әлемінің серкелері үшін бұл табысты «бизнес көзі» болғандықтан, онымен күрес те қарқынды жүргізілуі және бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Әрине, Қазақстан бірнеше мемлекетпен шектесетіндіктен, халықаралық есірткі тасымалы тұрғысынан өте сақтықты қажет етеді. Оның үстіне ішкі жағдайға да айрықша бақылау қажет. Өйткені есірткі өнімдерін өсірумен, өндірумен, тасымалдаумен айналысатын қылмыскерлер ел ішінде де аз емес. Сол себепті тәртіп сақшылары бұл қылмыстың алдын алуды босаңсытқан емес.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, Келес аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтаған күдіктіні анықтады.
Жедел уәкілдер күдіктінің үйін тінту кезінде, ауласынан есірткі заттары салынған пакетті тапты. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткінің салмағы шамамен 14 грамм «марихуана» мен «гашиш» болып шықты.
Қазіргі уақытта есірткіні сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу жүргізіп, мәнжайды анықтауда.
Иә, есірткі заттарын жоюға қатысты тәртіп сақшылары тарапынан қаншама іс-әрекеттер, арнайы шаралар ұйымдастырылғанымен, қылмыстың бұл түрін түбегейлі жою мүмкін болмай отыр. Дегенмен есірткі затына қатысты қылмыс санын барынша төмендету үшін полицейлерге облысымыздың әрбір тұрғынының көмек қолын созуы өте маңызды. Сол себепті бұл істе бейтарап болмайық. Біріккен күрес кез келген қылмыстың ауыздықталуына себеп болары сөзсіз. Қауіпсіз қоғам қауіпсіз ортаны қалыптастырады.