Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жергілікті тұрғынның үйінен алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктіні анықтады.
Анықталғандай, клиенттің үйін тазалау үшін келген әйел, оның шкафтарында болған алтын бұйымдарын байқатпай ұрлап кеткен. Ұрланған мүліктің құны шамамен 350 мың теңгені құрады.
Полиция бөліміне жеткізілген күдікті Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды және тергеу жүргізілуде. Алынған алтын бұйымдар заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қылмыстық істің жинақталған материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Түркістан облысы полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: үй-жайларыңызға, жеке ғимараттарыңыз бен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтаңыздар. Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды және оңай қол жететін жерлерде бағалы заттарды қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ аулаларыңызды жарықтандырып, есік-терезелеріңізге темір тор жасатыңыздар. Егер де, сіз, осы секілді ұрлық жайтының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарлаңыз.