Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Түркістан облысында вейп өнімдерін сатумен айналысқан ағайындылардан 327 дана вейп анықталды

Түркістан облысында вейп өнімдерін сатумен айналысқан ағайындылардан 327 дана вейп анықталды

Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында жедел-профилактикалық іс-шара өткізді.

Нәтижесінде Түркістан қаласында заңмен тыйым салынған темекі өнімдерін заңсыз сатқан екі сауда дүкені анықталып, жалпы 327 дана вейп тәркіленіп алынды.
Аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетсек, 2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда шегілмейтін темекі өнімдерінің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салынды.

Қазақстанда вейп, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтық әкелуге, сатуға және таратуға тыйым салынды. Айта кету керек, бұл шектеу хиттер немесе темекі қыздыру жүйесіне (IQOS, GLO, PLOOM, iFuse) қатысты емес. Тыйымның негізгі себебі — өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 10% тұрақты түрде вейп тартады.

Қазақстан балалар қоры жүргізген зерттеу көрсеткендей, алматылық 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың 80,5 пайызы, астаналық осындай жасөспірімдердің 83,3 пайызы апта сайын вейп сатып алады. Бұл аталған жаман әдеттің жастар арасында өте танымал екенін көрсетеді.

Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне сенсек, әрбір төртінші қазақстандық электронды темекі, вейп пен синтетикалық есірткі қолданудың артқанына алаңдайды. Талдау бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықтың артқанын көрсетті: 2023 жылы қарашада 15,6%-дан 2024 жылғы мамырда 23,7%-ға дейін өскен.

Жасөспірімдер арасында электронды темекі қолданудың өсуі жаһандық проблема болып отыр.

Әлемде мынадай тенденция байқалады:

— Вейп шегетін жасөспірімдер санының артуы. 2017 жылдан 2022 жылға дейін Канада мен Англияда электронды темекі тұтынатын 16-19 жас аралығындағы жастардың саны сәйкесінше 2 және 3 есе өскен. АҚШ-та 2011-2019 жылдар аралығында орта және жоғары сынып оқушылары арасында электронды темекі шегу 17-18 есе артты.

— Электронды темекінің жастар арасында дәстүрлі темекіден гөрі кеңінен таралуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 15 жасар әрбір үшінші жас (32%) электронды темекіні қолданып көрген, ал әрбір төртіншісі (25%) кәдімгі темекіні тартып көрген.

Жасөспірімдер арасында вейп қолданудың танымалдығының артуына байланысты көптеген елдер электронды темекіге тыйым салды:

Таяу Шығыс (Бахрейн, Ирак, Иран, Иордания, Катар, Ливан, Оман, Сирия, Түркия) — электронды темекінің кез келген түрін әкелуге және сатуға тыйым салған.

Еуропа — қыздырылған темекі өнімдерінде хош иістендіргіш пайдалануға тыйым салды.

Аустралия — құрамында никотин бар электронды темекіні заңды түрде қолдану үшін дәрігердің рецепті қажет.

Бразилия — электронды темекі шегу құралдарын өндіруге, импорттауға, өткізуге, таратуға, сақтауға, тасымалдауға және жарнамалауға тыйым салынған.

Үндістан — электронды темекі өндіруге, импорттауға, тасымалдауға, сатуға және таратуға тыйым салынды.

Қырғызстан — шегілмейтін темекі және құрамында никотин бар шегілмейтін темекі өнімдерді өндіруге, әкелуге, айналымына тыйым салынған.

Сингапур — темекі шегуді имитациялайтын кез келген құрылғыны әкелуге, сатуға, таратуға, сатып алуға, сақтауға және пайдалануға тыйым салынған.

Түркіменстан — электронды темекі сатуға тыйым бар.

Украина — темекі және электронды сұйықтықты сатуға, өндіруге және импорттауға тыйым салынған.

Осылайша Қазақстандағы тыйым халықтың денсаулығы мен әсіресе жастарды қорғау мүддесі үшін электронды темекіні реттеудің жаһандық үрдісін көрсетеді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*