Зайырлы мемлекеттің қағидаттарына сәйкес дін саласы заң саласынан бөлек. Елімізде әрбір азаматқа ар-ұждан бостандығына кепілдік берілген және басқа конфессия ұстанушыларының заң алдында теңдігі қамтамасыз етілген.
Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет. Демек, зайырлы мемлекет діни сенім бостандығын қамтамасыз етумен құнды.
Зайырлы мемлекет – деп дін саласын бос жіберіп қоюға болмайды. Себебі, діни ахуалдың тұрақтылығы – еліміздегі ішкі және сыртқы қауіпсіздіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің кепілі болмақ.
Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынастарының принциптері діни сенім бостандығы деңгейі мен мемлекет зайырлылығының көрнекті көрсеткіші болып табылады. Дін саласындағы мемлекеттің саясатын жаһандық үдерістер мен уақыт талабына сай қамтамасыз ету қоғам арасындағы тұрақтылықтың басты кепілі болары анық.
Дін саласындағы мемлекеттік саясат орталық және жергілікті деңгейде мынадай қағидаттарға негізделеді:
- Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың кешенді тәсілі;
- Ведомствоаралық өзара іс-қимыл, дін саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың күш-жігері мен ресурстарын тарту;
- Халықтың барлық нысаналы топтарын атаулы және жаппай қамту;
- Азаматтардың барлық санатының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау;
- Жүйелі басқарушылық шешімдер қабылдау үшін дін саласындағы ахуалдың мониторингі мен диагностикасының озық әдістемелерін енгізу;
- Діни білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламалары, оқу әдістемелер туралы ақпаратты жедел ұсыну;
- Дін саласында мемлекет іске асыратын іс-шараларды нысаналы ақпараттық қамтамасыз ету;
- Қазақстан Республикасының ұлттық мүддесіне төнген қатер көріністерінің сипаты мен деңгейін ескеру;
- Діни бірлестіктердің заңға қайшы әрекеттеріне жол бермеу.
Қазақстанда бірегей дінаралық келісімді қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттік құрылымның өзіндік моделі құрылған. Бұл тәжірибені Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу арқылы әлемдік қоғамдастыққа көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері дін саласындағы мемлекеттік саясат дінді терістеу мен онымен күресуден бастап, ірі конфессиялармен серіктестік байланыстарға дейін апаратын өзгерістерді бастан өткерді.
Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.
А.Құрманбек, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы