Қазақстан Респубикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің іс-шара жоспарына сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы мобильді топ ауданға келді.
Мобильді топ мүшелері аудан әкімдігінің мәжіліс залында квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс — қызметкерлерге және ішкі талдауға жауапты жұмысшы тобына практикалық семинар өткізді.
Іс-сапар барысында мобильді топ кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында болып, «Бизнеске жол» жобасы аясында аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер тыңдалып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының еріктілеріне оқыту семинары өтті.
Мобильді топ мүшелері құрамына енген Түркістан облыстық Әділет департаментінің өкілдері, антикор еріктілері, адвокаттар, заңгерлер, нотариустар және сот орындаушылары Шаян, Ақбастау және Боралдай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Ауыл тұрғындарының несие, займ мәселелері, қоғамдық бақылау жүргізу үшін тіркеуге тұру, салық өндіру, дәрігерлердің жұмыс уақытын белгілеу, стадионды қайта қалпына келтіру, электроэнергиясының төлемі, нотариаттық іс-құжаттарды рәсімдеу, несиенің пайызын жеңілдету, жұмыспен қамту және бұғатталған есеп шотына қатысты сұрақтарына жауаптар беріліп, түйткілді мәселелерінің шешу жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері шалғай елді мекеннің 100-ге жуық тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының еріктілері құрылысы аяқталып пайдалануға берілген кепіл мерзімі аяқталмаған әлеуметтік нысандар мен саябақтардың жағдайына қоғамдық бақылау жүргізді. Қоғамдық бақылау барысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша аудан әкімдігімен мәжіліс ұйымдастырылып, хаттамалық тапсырмалар берілді. Оның орындалуы бақылауда болады.
Еске сала кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері облыс аумағындағы елді мекендер мен ауыл тұрғындарына тегін кәсіби — құқықтық көмек көрсетуді және әлеуметтік нысандарға қоғамдық бақылауды жыл соңына дейін тұрақты түрде жүргізетін болады.