Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Аудандағы Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер пысықталды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Еңбекші Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыланбұзған және Тоғыс тұрғын алаптарының халқы жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ спорт кешенін салу бойынша өтініштерін білдірді. Қала әкімі орынбасарлары мен сала, аудан басшыларына келесі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.
Елтай тұрғын алабының азаматтары жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктеріне де тоқталды.
Ал Айнатас шағын ауданы тұрғындары жаңа мектеп салуды және қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрады. Қала әкімі барлық өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
© Jetpisbai.kz