«Шымкент-Сиань қалалары кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумы» аясында жалпы құны 17,6 млн АҚШ долларына келісімдер жасалып, құжаттарға қол қойылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Кәрімов Айдын Мейрамбекұлы «2024 жылғы 24-26 маусым аралығында Шымкент қаласы делегациясының Қытай Халық Республикасының Сиань және Үрімші қалаларына сапары туралы» баспасөз конференциясында егжей-тегжейлі айтып берді.
Форум және екіжақты кездесулер нәтижесінде жалпы құны 17,6 млн АҚШ долларына келісімдер жасалып, құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда: 1. «Invest Shymkent» ЖШС және «China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group» арасында өзара түсіністік туралы меморандум; 2. «KazFerroGroup» ЖШС және «Shanxi Heynan New Metallurgical Electric Equipment Co. LTP» компаниясы арасында Ферроқорытпа пешін сатып алу туралы келісім (16,3 млн АҚШ долл.); 3. «JT Food Expert» және «Xi’an Gang Tong Tian Xia Dian Zi Shang Wu You Xian Gong Si» компаниялары арасында тамақтану саласында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім; 4. «KazBioTech» ЖШС және «Alashankou city Haoyu Trading Co. Ltd» арасындағы өсімдік майын сату туралы келісім (1,3 млн АҚШ долл.).
Сонымен қатар, сапар аясында Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй мырза және қала мэрі Е Нюпин мырзамен кездесу өтті. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктері мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты бастамалар талқыланды. Еске салсақ, «Шымкент-Сиань қалалары кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумы» аясында қытайлық жергілікті 30-дан астам және қазақстандық 20-дан астам кәсіпкерлер арасында денсаулық сақтау, IT, металлургия, қоғамдық тамақтану, білім, ауыл шаруашылығы, электр жабдықтарының және құрылыс материалдарының өндірісі сияқты салаларда В2В кездесулер өткізілген болатын.