Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ШАҺАРДЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ШАҺАРДЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті. Онда Мемлекет басшысы Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларды іске асыруға жолындағы міндеттер, қаланың дамуына тигізетін Сенаттың ықпалы және Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды.
Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолында кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді. Сондай-ақ аталған салада жұмыстың жаңа форматы қажет.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Парламенттің сегізінші шақырылымының екінші сессиясын қорытындылай келе, Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды басымдықтарына тоқталды. Сонымен бірге Палата Спикері заң шығару қызметіне мәслихат депутаттары, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді жұмылдырылғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасының айтуынша, жергілікті өкілді органдардың ұсыныстары мен бастамалары өңірлерді дамытуға қатысты мәселелерді шешу кезінде маңызды рөл атқаруға тиіс.
«Парламент бұл сессияда 102 заң қабылдады.
Оның ішінде қоғамдық бақылауды күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы іс-қимыл сияқты аса маңызды мәселелерді қамтитын заңдар бар. Сенаторлар үнемі өңірлерге барып, жергілікті жерлердегі әріптестерімен бірге тұрғындармен кездесіп, өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылады. Соның нәтижесінде Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 200 депутаттық сауал жолданды. Алдағы сессия кезінде де бірлескен жұмысымызды осы қарқынмен жалғастырамыз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ кездесуде мегаполистегі өзекті түйткілдер, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды.
Сапар барысында Сенат Төрағасы шаһардың белсенді жастарымен кездесіп, реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер жөнінде айтты. Ол өз сөзінде жас қазақстандықтарды қолдауға арналған шараларға, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларға және нақты бағыттар бойынша атқарылып жатқан жобаларға да тоқталды. Сондай-ақ жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер беретін Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметі де әңгімеге арқау болды.
Сонымен қатар сенаторлар қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Сондай-ақ олар бұған дейін Палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*