Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Басқарма басшысы 2024 жылдың І лек бойынша грант иегері атанған азаматтармен кездесті

Басқарма басшысы 2024 жылдың І лек бойынша грант иегері атанған азаматтармен кездесті

Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2024 жылдың І лек бойынша грант иегері атанған азаматтармен кездесті. Жиынға қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының мамандары арнайы шақырылып, грант иегерлеріне алдағы уақытта кәсібін дамыту, оған мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар жайында түсіндірді. Алдымен басқарма басшысы азаматтарға қайтарымсыз қаржы берудегі негізгі мақсатты түсіндірді. Кәсібін дөңгелетуге, өндіріс орындарын ашуға ниеттенген жандар үшін мемлекет тарапынан қолдау көп екенін айтты. — Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес, бизнес-жобасы бар адамға грант беру арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытып, ірі кәсіпорындармен әріптестік орнату арқылы қала экономикасының ілгерілеуіне жол ашу. Сіздердің бизнес-жобаларыңызды жүзеге асыру үшін берілген қаржы қайтарымсыз болғанымен, мақсатсыз жұмсалған жағдайда қайтарылатынын ескертеміз.

Осы орайда, 2023 жылы грант алған 452 адамның нәтижесін баяндап өтсем. Бүгінге дейін мониторинг бөлімі 268 адамның қаржыны мақсатты жұмсағанын анықтаса, 137 адамның ісі “Құқықтық қамтамасыз ету” бөліміне өткен. Оның ішінде есеп тапсырмағандар, қаржыны мақсатқа жұмсамағандар және ісі сотқа өткендер бар. Ал, 184 грант иегерін зерделеу жұмысы осы жылдың қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады, — деді Жанат Өмірсейітқызы. Кәсібінің есебін тапсыру жөнінде Еңбек мобильді орталығы директорының орынбасары Бекболат Алиханов егжей-тегжейлі баяндап берді. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының маманы Мұрат Салимов 400 АЕК-ке дейінгі гранттан бөлек, 5 млн. теңге және жеңілдетілген несие жөнінде түсіндірді. Ал, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілі бизнес-жобасын ауыл шаруашылығы бағытында қорғаған азаматтарға мемлекеттен берілетін субсидиялар жайында тарқатып айтты.

Шымкент қаласында биыл 426 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Маусым айында алғашқы лек бойынша үміткерлер өздері ұсынған бизнес-жобасын комиссия алдында қорғап, нәтижесінде 214 адамға 400 АЕК-ке дейінгі грант мақұлданды. Бизнес-жобалардың 25-і мал және құс шаруашылығы, қызмет көрсету – 52, кондитер және нан өнімдері – 34, тігін саласы – 41, жартылай фабрикат өнімдері – 16, жиһаз өндірісі – 3, өндіріс саласы – 35 және тамақ өнеркәсіп – 8. Естеріңізге сала кетейік, грант тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, өнім өндіруге берілмейді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*