Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, қалалық прокуратураның, құқықты статистика органдарының жетекшілері, бақылаушы органдар, қалалық әкімдіктің салалық басқармаларының өкілдері қатысты. Кеңес отырысында Палата директорының орынбасары Майя Исаева кәсіпкерлерге қатысты тексеру туралы баяндама жасады. «Баршамызға белгілі, 2023 жылдың 31 желтоқсаны күні кәсіпкерлікті тексеруге мораторий күшін жойды. Сол мораторий кезінде шағын бизнес субъектілерін бақылау іс-шаралары мен тексерулер айтарлықтай азайды. Мемлекет басшысының шешімінің нәтижесінде шағын және микробизнес пандемияның қиын кезеңіне төтеп беріп қана қоймай, дами түсті. Ал мораторийдің күші жойылған соң кәсіпкерлік қызметті бақылайтын мемлекеттік органдардың қызметі өзгерді.

Шымкент қаласы бойына құқықтық статистика департаментінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың І тоқсанында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 402 тексеру тіркелген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 190, тексерулер 2,1 есеге өсті). 350 тексеру немесе тексерулердің жалпы санының 87 пайызы – жоспардан тыс тексерулер, олар 2023 жылмен салыстырғанда (187 тексеру) екі есеге жуық өсті. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 1537 тексеру тіркелді (2023 жылы – 529). 2024 жылдың басынан бастап 9 тексеруді тіркеуден бас тартылды. Ал 14 тексеру заңсыз деп танылып, мемлекеттік құрылымдардың лауазымды тұлғалары жауапқа тартылды», – деді Майя Исаева.

Кеңес мүшелері жиынға қатысып отырған бақылаушы органдардың басшыларын бизнеске қатысты тексерулерді тағайындау және жүргізу барысында ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген талаптардың бұзылуына жол бермеуге шақырды, себебі негізсіз тексерулер нәтижесінде бизнес тұралап қалып, кәсіпкер уақыты мен қаржысы жоғалтады. Жиында, сонымен қатар, «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясының» ережелері жеткізілді. Хартияда кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы тұруға бағытталған ерікті міндеттеме және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қабылдаған болатын. Қорытындылай келе кеңес мүшелері кәсіпкерлерге бизнесті тексеру рәсімдері мен тәртібі туралы, олар бұзылған жағдайда қаралатын жауапкершілік шаралары туралы және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұруды ұсынды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*