Қала тұрғындары үшін жолаушыларды сапалы қызметпен қамту қашанда маңызды. Бұл, әсіресе, шаһар логистикасын дамытып, өңір экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, соңғы жылдары Шымкент қаласында бірқатар қоғамдық көлік бағыттары жаңартылу үстінде.
Жолаушыларды тасымалдайтын қызметкерлердің еңбегі барлық уақытта еленіп келеді. Бүгінде «Көлік қызметкерлері күні» тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Ресми мәртебеге ие мереке Президент Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді.
Мерекеге орай Көрме орталығында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастырумен салтанатты іс-шара өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Айдын Кәрімов қатысып, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
А.Кәрімов бұл саланың ел экономикасындағы орны мен маңызына тоқталып, қиындығы мен жауапкершілігі мол осынау салада еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, оларға табыс тіледі.
Шарада Көлік министрі Марат Қарабаевтың құттықтау хаты оқылып, бірнеше марапаттар арнайы табысталды. Атап айтқанда, осы саланың бірқатар мамандары «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен, «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен тәжірбиелі қызметкерлер марапатталды. Сондай-ақ, қала әкімі мен басқарма басшысының да Алғыс хаттармен марапатталғандар болды.
Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айдын Мейрамбекұлы жолаушылар тасымалын жандандыру мен жолаушылар мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қоғамдық көліктерді жаңарту ісі алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.
– Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, жүргізушілердің мәдениетін көтеру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттарымыз болып саналады. Сондай-ақ, жолаушылар көлігін жаңарту ісі жанданып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілді. Схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтынжаңа маршруттық желісі әзірленді. Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған, — деді Айдын Мейрамбекұлы.
Оның айтуынша, бүгінгі танда маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, қала аумағындағы, сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптар да қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылған.