Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев шомылу маусымының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді. Нұржан Нұрханұлы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары, балаларды суда жүзуге тегін үйрету, заң талаптарын бұзушыларды жауапқа тарту, жалпы шомылу маусымының қорытынды нәтижелерін баяндады.
Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Ал шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Жыл басынан бері қаладағы су айдындарында 2 жазатайым оқиға тіркелген. Атап айтқанда, маусым айында Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы Қайнарбұлақ жасанды көлі және Маятас тұрғын алабында Бадам магистральдық каналынан ағып шығатын шлюзде суға бату жағдай орын алған.
Н.Қаракөзов шомылу маусымында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілгенін атап өтті.
– Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 355 рейдтік іс-шара жүргізіліп, жалпы 37840 адам қамтылды. Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітілген. Шомылу маусымы басталғалы бері 1600 баланы құтқарушылармен бірлесе суда жүзуге тегін үйреттік. Жалпы 15-ке жуық демалыс орындарымен меморандум түзіліп, жоспарға сай жұмыстар атқарылды, – дейді Нұржан Нұрханұлы.
Департамент қызметкерлері жазатайым оқиғаларды азайту бағытындағы жұмыстарды аптап ыстық басылғанша әрі қарай жалғастырады. Жоспарға сәйкес, бұл жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін жүргізілмек.
Айта кетсек, су пайдалану қағидаларын бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес (412, 364, 440 баптары) жауапкершілікке тарту көзделген. 2024 жылғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау бойынша департамент тарапынан 46 тұлғаға айыппұл салынған.