Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » БІРЫҢҒАЙ ЕСЕП БЕРУ КҮНІ ӨТТІ

БІРЫҢҒАЙ ЕСЕП БЕРУ КҮНІ ӨТТІ

Шымкентте кезекті Бірыңғай есеп беру күні өтті. Шара барысында қалалық бақылау-қадағалау органдары 2024 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары жайлы мәлімет берді.
Бірыңғай есеп беру күнінің мақсаты – бақылау және қадағалау қызметін реформалау аясында атқарылатын шараларды түсіндіру, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қауіпсіз және заңды қызметті ұйымдастыру мәселелерін талқылау.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, кәсіпкерлік субъектілері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бақылау және қадағалау органдары, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдар мен қала прокуратурасының мамандары қатысты.
Қала кәсіпкерлері үшін Мемлекеттік кірістер департаментінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, экология департаментінің басшылары есеп беріп, бақылау-қадағалау қызметінің жұмысына, құқық бұзушылықтың алдын алуға және заңнамадағы өзгерістерге қатысты баяндама жасады.
Мысалы, Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов тиісті жұмыстар нәтижесінде ашықтыққа ұмтылған кәсіпкерлер саны артқанын айтып, нәтижесінде бюджетке түсімдер көбейгеніне тоқталды. «Өздеріңізге белгілі, жыл басынан бері жан-жақты жұмыс жүргізу нәтижесінде Шымкент қаласының бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Оған қоса өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану жеңілдетілді. Сонымен қоса салық берешегін мәжбүрлеп өндіру барысына өзгеріс енгізілді», – деді Сапарбек Ешанқұлов.
Жиын қатысушылардың өтінішімен еркін форматта, ашық түрде өтті. Өңірдің кәсіпкерлері мен уәкілетті орган мамандары баяндамашыларға сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Жиын соңында жергілікті атқарушы органдар Бірыңғай есеп беру күнін жыл сайын өткізетіндіктерін айтты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*