Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Дін мен мемлекеттің құқықтық реттелуі

Дін мен мемлекеттің құқықтық реттелуі

Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.
Дін мен мемлекет байланысының аражігін айқындайтын бірден бір құрал – мемлекетіміздің тарапынан қабылданған заңдар. Өз тәуелсіздігімізді алғанымызға бүгінде 33 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығына дейін қаншама адам келіп-кетіп жатты. Өздерімен бірге ұстанған діндерін де алып келгендірі өтірік емес. Сондықтан дін саласы бойынша құқықтық реттеу жүйесі мемлекетіміз үшін ауадай қажет екені сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 – бөлім, 1 – бабы бойынша: «Мемлекетіміз өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» екендігі нақты айтылады. Мемлекетіміздің басқару моделі көрші елдермен ұқсастығы бар болғанымен, өзіндік артықшылықтары бар. Әсіресе, конфессияаралық және ұлтаралық қарым қатынастарда көрінеді.
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі ең алғашқы болып қабылданған заңның бірі – 1992 жылы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заң, 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған болатын. Қазіргі уақыттағы дін мен мемлекеттің байланысының қандай екендігі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 1 – тарауы, 3 – бабына сәйкес көруге болады:
Мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлінген және ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді;
Мемлекетіміздің білім беру саласы мен тәрбиелеу жүйесінде діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, діни бірлестіктерден және діннен бөлінген;
Еліміздің діни қызмет туралы заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізуі аумалытөкпелі замана тынысынан туындауда. Елдегі мемлекет және дін қатынасының өзекті тұстары: зайырлы қағиданы сақтау және нығайту, ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету, тоталитарлық радикалды идеология және деструктивтік діни ағымдармен күрес, сыртқы діни ықпалды тежеу механизмдерін жетілдіру, діннің саясилануының алдын алу, дәстүрлі діндарлық мәдениетінің сапалық тұрғыдан өсуін қолдау және жоғары руханилықты жетілдіру.
Ең маңызды мәселелердің бірі бойынша ешкім өзінің діни нанымдарының себептері арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына көрсетілген міндеттерден бас тартуға құқығы жоқ делінген.
Мемлекетіміздегі діни қызмет саласындағы реттілік уәкілетті орган және дінтану сараптамасы арқылы жүзеге асырылады. Негізінен уәкілетті органның атқаратын бірнеше қызметтері бар:
дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады;
республикадағы діни ахуалды зерделеуді және талдауды жүргізеді;
дiнтану сараптамаларын жүргізуді қамтамасыз етедi;
шет мемлекеттердiң діни қызмет саласындағы уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Азаматтық қоғамның құқықтары мен бостандықтарын, физикалық және рухани қауіпсіздігін қорғау үшін мемлекеттік органдар дін саласындағы реттеуші функцияларды орындауға мәжбүр. Бұл жағдайда діни қызметті реттеудің маңызды құралдарының бірі ретінде дінтанулық сараптамасы рөл атқаруда. Дінтанлық сараптамасы діни бірлестіктер мен миссионерлерді тіркеу кезінде, діни сипаттағы материалдарды тарату кезінде де жүргізіледі.
Тоқсан ауыздың, тобықтай түйіні, біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет болып табылады. Мемлекетіміздің зайырлы сипаты азаматтық қоғам мүшелерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асырылуын көздейді. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.
Б.Абдрахман
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*