Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Еліміздегі діни ахуал

Еліміздегі діни ахуал

Дін өркениеттер тарихында мемлекетпен қатар өмір сүріп, қоғамда әлеуметтік тұрғыдан ұйымдастырушы функцияны атқаратын маңызды институт болып табылады. Францияның атақты әлеуметтанушысы, философ ғалымы Э. Дюркгейм дінді кез келген қоғамның құрылымдық элементі деп есептеген. Қазіргі уақытта діннің дүниетаным жүйесі мен өмір салты ретіндегі рөлі артып, азаматтардың қоғамның рухани өмірінің діни құрамдас бөлігіне деген қызығушылығының өсуі байқалады. Ал халықтың діни санасының жандануы әлеуметтік-саяси және рухани тұрғыда қоғамды топтастырушы фактор болып табылады.
ХХ ғасырда орын алған тарихи оқиғалардың нәтижесінде қалыптасқан көпэтникалық және көпконфессиялық қоғамда ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болатын. Бұл салада дінаралық келісім мен үнқатысудың алаңына айналған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі түрлі конфессиялар арасындағы өзара ықпалдасудың жалпы әлемдік үдерісіне оң ықпалын тигізді.
Қазіргі таңда еліміздегі діни ахуал тұрақты. Елімізде кез келген дәстүрлі дінді ұстануға және дамуына қолайлы жағдай жасалынған. Қонақжай халық екенімізге тағы бір дәлел қазіргі таңда елімізде 100-ден астам ұлт өкілдері бар. Христиан, буддизм, иудаизм секілді 18 конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Халқымыздың 70 пайыздан астамы сүнниттік мұсылмандар. Еліміздегі діни ахуалдың тұрақты деп есептелуінің тағы бір себебі, мемлекет тарапынан көптеген ағарту жұмыстары жүргізілу де және оған қомақты қаражат бөлініп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық түсіндіру топтары жұмыс істеуде, мақсаты халықтың діни сауаттылығын арттырып, діни ахуалды қалыпты ұстау.
Мемлекет тарапынан іске асырылып отырған дін саласындағы дәйекті саясаттың арқасында сақталып отырған қолайлы діни ахуалға еліміздің тұрғындарының дәстүрлі сенімі болып табылатын ислам және православиелік христиан діндері де оңды ықпал етіп отыр. Дегенмен қазіргі күнде мемлекетімізде қалыптасып отырған діни тұрақтылықтың өзгеруіне алып баратын алғышарттар да бой көрсетіп отырғанын айта кету керек. Атап айтар болсақ, елімізде ислам атын жамылған радикал діни ұйымдардың ошағы пайда болып, әртүрлі конфессиялар мен деноминациялардан тұратын шетелдік миссионерлік ұйымдар мен бірлестіктердің қызметтері белең ала түсуде. Бұлардың іс-әрекеттері өз кезегінде қоғамдағы дінаралық қатынастардың дамуына кері әсер ететін жағдайларды туындатуда. Жалпы айтқанда дін атын жамылған радикалды топтардың мүшелері діни сауаты төмен, тұрмыстық жағдайы нашар адамдарды өздеріне жақын тартады, олар өздерін хақ жолдамыз деп жақсы жағынан көрсетіп адам санасын тез улап алады. Сол себепті елімізде осы жағдайлардың алдын алу үшін жоғарыда айтып өткендей көптеген жұмыстар атқарылуда.
Қорытындылай келе, отбасы, қоғам болып жұмылып, жастарымызға діни-рухани, патриоттық, дәстүрлі ұстанымдар мен сенімнің негізінде тәрбие беру арқылы оларды түрлі деструктивті әрі радикалды экстремистік ықпалдарға қарсы иммунитетті қалыптастыруға болады. Дәстүрлі діни-мәдени құндылықтар мен отан сүйгіштікке негізделген қоғам немесе халық қана өміршең келіп, өзінің жарқын болашағына қол жеткізеді.
Б.Сарсенбаев
Теолог маман

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*