Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Дін және қазақы мерекелер

Дін және қазақы мерекелер

Қазақ тұрмыс-тіршілігі отбасылық өмірі мен еңбегі, табиғатпен етене үндесуімен, сол ұмтылысқа жетудегі қуанышымен сипатталады. Ендеше сол қуанышын білдіретін тек отбасылық дәстүрлі әрекеттер ғана емес, олар шаруашылыққа да, табиғат құбылыстарына да байланысты. Олай болса, қазақ халқының дүниетанымы тек киген киімі мен ішкен тамағына, отбасылық салт-дәстүрлерінде ғана емес, бар болмысында сипат алған. Бабаларымыздан басталып бүгінгі ұрпаққа жеткен мерекелер мен салт–дәстүрлер көшпенділер дүниетанымының материалдық және рухани қорын сақтаған синкреттік құбылыс.
Мерекелер мен салт-дәстүрлер арқылы мыңдаған жылдар бойы жеке адам, ұлт туралы қоғам үшін маңызды мәдени құндылықтар қалыптастырылып, ұрпағына жеткізіп отырылды. Мерекелер мен салт-дәстүрлер құрылымының мән мағынасы мәдени құндылықтар мен қоғамдық өмір нормаларын ұрпағына жеткізуге бағытталған. Сондықтан мерекелер мен салт-дәстүрлер мәдени құбылыс ретінде нормалық-құндылық негіз құрайтын, жинақталып, сақталып, сабақтастығын жалғастырып отыратын мәдени информацияның «қоймасы» деп
саналса да болады. Мерекелердегі ұлттық дүниетанымды бейнелейтін мәдени информация барлық құрылым элементтеріне де тән екенін жоғарыда айтқан болатынбыз.
Қазақ мерекелері мен салт-дәстүрлерде жинақталған ұлттық дүниетанымды білдіретін астарлы информацияның мәні мен сипаттама беріп көрелік. Өйткені психологтардың пайымдауынша қандай да болса әрекетке адамды жетелеу үшін, ол әрекеттің адамды қызықтыратындай, мән – мақсаты ұғымды, болашақта қолдана алатындай болуы шарт. Ендеше ұлттық болмысын сақтаймын деушілер үшін сана елегінен өткізіп, қажеттілігін түсіну үшін мерекелер мен салт-дәстүрлердегі символдық информацияны «оқытып» көрелік. Қазақ мәдениетінде салт-дәстүрлік әрекеттер ерекше орын алады. Оның себебі қазақ халқының өмір салтының өзгешелігінде. Ол өзгешеліктер Қазақстанның географиялық орналасуынан бастап, көпұлтты мемлекеттің мәдениет саласында ұстанған саясатына да, тағы да басқа әлеуметтік және саяси факторларға байланысты. Алғашқы дәуірде қоршаған ортаны игеріп, тіршілік көзін қалыптастырудан бастап, адамзат алдымен өзін-өзі қорғау, сақтану әректеттерін амалдастырған. Сол тапқырлығы мен күш қуатының арқасында тірі қалып, апаттардан, дүлей күштерден аман қалу жолдарын қарастырған. Солардың бәрі адам санасында қауіптің алдын алу қажеттігі мен табынушылық сезімінің қалыптасуына әкелді. Сонымен, салт-дәстүрлер қауіптен сақтану мен табынy әрекеттері арқылы тіршілік сабақтастығын реттеуден бастау алып, өмірлік әрекеттердің барлық салаларын қамтыған. Ата-бабаларымыз үшін шекара тұтастығын, халық бірлігін сақтау көздеген басты мұрат болғандықтан, соған лайықты өмір тәртібін де орната білген, ұрпағына айнымас мұра етіп қалдырған қасиеті. Сонымен бірге, қазақ халқының ұстанған ішкі даму саясатының бірі жеке тұлғаны қастерлеп, оның бойындағы адами касиеттерді дәріптеу, үлгі тұту, ұрпағына өнеге ету. Бұл әлеуметтік күрделі мақсатқа жету үшін де халықтық той – мерекелер мен салт дәстүрлер қалыптастырылған. Ел ырысын сақтау үшін, оны сырт шапқыншыларға таптатып, ата-баба қанын есіл етпеу үшін де батырлық, елдік, ерлік сабағынан өткізер салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар пайда болған. Дербестікті сақтап, өзіндік орта құру, оның өзгелер алдында абыройлығы жеке
тұлғалық қасиеттерге байланысты екенін, адам дүниедегі ең алпауыт күш екенін біліп байқаған бабаларымыз, адам бойындағы қабілет-қасиеттерді қалыптастыруға арналған салт-дәстүрлер ойластырып, философиялық, психологиялық, педагогикалық ұғымдары айқын далалық ғылым негізін қалыптастырған.
Көшпелі халықтың өзгелермен қарым-қатынас жасап, тіл табысуы тек өз аты емес елге танылар жасқа келген ұл-қызы үшін да абырой жолына бастама болғандықтан өзге халықта кездеспейтін көші-қоны салт-дәстүрлерінің пайда болу тамыры жатыр.
Әр халықтың өмір салтын қалыптастырушы шаруашылық бағыты. Қазақтың ішер-жері, киер киімі, қоныс-мекенінің жабдығы, үй болып отандасу үшін қалыңын төлеп, той қамын жасауы, ел аралап жер көруі, тіпті бәйге шауып мақтан тұтары да мал. Шаруашылық көзі, тіршілік нәрі – бәрі мал шаруашылығына байланысты. Сол себептен де қазақ салт-дәстүрлері ішінде мал шаруашылығына байланыстылары, оның ішінде шаруашылыққа бейімдеу мен тәрбиелеу үлгілерін тарату мақсатында қалыптасқандары дараланып тұрады. Ал ең бастысы, осы аталған бағыттардың қай-қайсысында да қоғамдық- мәдени даму
кезеңдерінің бәрінде де адам өміріндегі басты оқиғаларды атап өту қажеттігі салт-дәстүрлер мен той-мерекелерді туындатты. Ол табиғат құбылыстарының өзгеруі, еңбек табыстары, көңіл-күйдің салтанатты қуынышы мен қайғылы-қасіретті кезеңдеріне байланысты ұймдастырылған. Осындай эмоционалдық талпыныстан дәстүрлік мәдениет бастау алып, мерекелер қалыптасуына ықпал етіп, әлеуметтік-мәдени өмірдің басты формаларының біріне айналған.
Қоғам дамуы барысында мерекелер әлеуметтік өмірдің тұрақты компоненті болып енді. Мерекені уақытша жұмақ кезеңі деп ұғынуы да сондықтан шығар. Әл-Бируни мерекені: «Адам өміріндегі маңызды кезең» десе, Махмуд Қашғари: «Бұхаралық қуаныш пен ойын-сауық күні»-деп атаса, Омар Хайам: «Жұмақты уақыт»-деп айтқан. Мерекелер этностың өмір салтына айналып, өмір мәнін образдық формада бақыт туралы халық ұғымын сипаттайды.
Б.Абдрахман
Түркістан облысы дін істер басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің
теолог маманы

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*