Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір

Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір

Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде «бірліктің» маңызы орасан зор. Қазақ өз тарихында бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалып отырды. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан, ел тізгінін қолына ұстаған адамдар – ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген.
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады.
Татулығы мен бірлігі жарасқан бейбіт елімізді бүгінде төрткүл әлем таниды. Олар Қазақстанның жаһандық дәрежедегі іргелі істерді тындыра алатын, өресі биік, өнегесі мол ел екендігін мойындады. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Тұрақтылығы сақталып, бірлігі бекем болған елімізде барлық ұлт өкілдері өз мәдениетін дамытып, тілін өркендетіп, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік алды. Халықтар достығының бесігіне айналған көпұлтты елімізде бірлік пен қоғамдық келісімнің нығаюына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі зор.
Қазақ халқы өзінің көп ғасырлы тарихында барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп, тұтастық пен мемлекеттілікті нығайтуға мақсат ұстанып келеді. Осының арқасында біздің болашағымыз оның игі бастамаларымен астасып жатыр. «Мәңгілік ел» болу идеясының астарында да ынтымақты нығайтып, бірлігімізді сақтай отырып, биік белестерді алу мақсаты тұр.
Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіруде. Орыс, кәріс, түрік, күрд, неміс т.б. этномәдени орталықтары жұмыс жасайды. Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір көпұлттың өкілдерімен түрлі іс-шараларды бірлесіп өткерудеміз.
Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп» айтқан сөзiне сүйенген халықпыз. Тарихқа жүгінсек, ықылым заманнан елшіге қиянат жасамау, түріне, нәсіліне қарамай жолаушыға жол сілтеген, тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстарға пана болған халықпыз. Дархан даламызды жайлаған барша ұлт өкілдері қазақ жерін «Отаным» дейді. Бiрлiктi сақтау бiзге ата-бабамыздан қалған ұлы аманат. Бiз ешкiмдi нәсiлiне, дiнi мен тiлiне және ата – дәстүр ұстанымына бөлiп жармастан, әр ұлтты шын құрметтеу арқылы бүкiл әлемге достық пен бiрлiктiң нағыз үлгiсiн көрсетiп келемiз. Сондықтан, әрбір еліміздің тұрғыны қол жеткізген бар жетістіктерді бағалап, оны сақтауға міндетті деп білеміз.
Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» дейді. Мұның мағынасы – Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолындай қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.
Алла елшісі (с.а.с.) «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз»,-деген.
Әлемдегі кез келген ұлт үшін ең үлкен байлық, ол – тәуелсіздік. Аллаға сансыз шүкір! Қазақстан тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, тарихи даму сатысының әр кезеңіне қадам басқан сайын, өткеніне шүкіршілік айтып, болашағын бағдарлау үстінде. Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіздігі бар ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады.
Отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет – бәрі қатарлас ұғымдар. Отанға деген сүйіспеншілік – оған жанашырлықпен қарауға, көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, сүннет жолы, мазхабы, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделуі тиіс.
Ә.Болат
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы теолог маманы

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*