Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

Баршамыз бас иіп құрмет көрсететін ұстаздар мен тәлімгерлерге соңғы жылдары ілтипат артты деуге болады. Оларға барлық жағынан қолайлы жағдай жасалып жатқаны көңілге қонымды.
Жыл сайын 5 қазан – «ұстаздар күні» мерекесінде білім беру жүйесінде ерекше үлгі болған бір топ қызметкерлерді марапаттау туралы Президент Жарлығының қабылдануы саланың одан әрі дамуының маңызды факторы болып табылады.
Құрметті президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз»,- деп мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, беделін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек еткен болатын.
Ислам дінінде де ұстаздар мен жаттықтырушыларға деген құрмет өлшеусіз. Ұстаз және тәлімгер болу – үлкен мәртебе. Өйткені, адамзаттың ардақтысы пайғамбар Мұхаммед те (с.а.с.) бүкіл адамзатқа ұстаз ретінде жіберілген. Бұл туралы Құранда «Жұма» сүресінің 2-аятында: «Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішінен өздерінен оларға Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ оларға кітап, даналық үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді»,-деген. Ал, имам Мүслим риуаятында келген хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Алла мені азаптаушы және қиындыққа ұшыратушы етіп емес, ұстаз әрі жәрдемші етіп жіберді»- деген.
Аты әлемге танымал болған Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Ыбырай және Алаш арыстары сынды бабаларымыздың баршасы да ұстаздан тәлім алғанының арқасында тарихтан ойып тұрып орын алған. Мінеки, қазіргі таңда білім ізденген жастарымыз жоғарыда аталған бабаларымыз сынды ұстазға құрмет көрсетіп, білімді игерсе, сонда ғана елімізден Фараби мен Сығанақи секілді ғұламалар қайта шығары сөзсіз.
Пайғамбар (с.а.с.) имам Тирмизидің риуаятында келген хадисте адамдарға жақсылық пен ізгілікті үйрететіндерді мадақтап: «Расында, Алла Тағала, Оның періштелері, аспан мен жердегілер, ұясындағы құмырсқа, тіпті теңіздегі балықтар да адамдарды жақсылыққа үйреткенге дұға етеді»,- деген.
Бірде шәкірттер имам Ағзаммен бірге келе жатқан жолда қойшы жолдың арғы бетінен отарын айдап кетіпті. Сонда Әбу Ханифа аттан түсіп, қойшыға сәлем беріп, кішіпейілділік танытады. Мұны көрген шәкірттері қойшы кеткенде: «Ұстаз, сіз Куфа мен Басрада туған атақты ғалымсыз. Қарапайым шопанға неге кішіпейілділік көрсетесіз?», – дейді. Сонда имам Әбу Ханифа: «Мен бұл қойшыға жануарлар туралы сұрақ қойдым. Ол маған тәлімгер болып, үйретті. Ал «ұстазға кішіпейілділік таныту – ең әдемі қасиет»- деп атаған еді.
Ислам дінінде «ұстаз» дүниеде ғана құрметке ие болып қоймайды. Ол қайтыс болғаннан кейін де артына қалдырған пайдалы білімімен, шәкірттеріне жасаған қызметімен, алған ілімді пайдалануымен игі істерінің сауабы жалғасады. Себебі, имам Мүслим риуаятында келтірілген хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Адам қайтыс болғанда оның амалдары тоқтайды. Тек мына үш кісіден басқа: жария садақа жасаған, пайдалы білім алып, оны өзгелерге үйрете білген және артынан дұға етуші салих перзент қалдырған»,- деген.
«Ұстаз» деген мәртебелі мамандық иелері қоғамға су мен ауадай қажет. Күннің нұры баршаға бірдей пайда келтіретіні іспетті, тәлімгерлердің білімі мен үйретуі – барша шәкіртке пайдалы.
Бір сөзбен айтқанда, адамзат пен өркениеттің дамуына ықпал ететін бір ғана нәрсе керек. Ол: ғылым, білім, ойлау. Сондықтан, ұстаз – ұлы тұлға және барша марапат пен алғысқа лайық.
Түркістан облысы дін істер басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
телог маманы Б.Шаймерден

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*