Бүгінгі таңда қазақ жастарының арасында исламға деген қызуғышылық артып жатқандығын білеміз. Әрине бұл – қуантарлық жайт. Алайда, қазіргі жас буын шынайы мұсылманның сипаты қандай болу керек екендігінің байыбына бармай, осы мәселелер төңірегінде немқұрайлық танытуда.
Мұсылмандардың басты ерекшелігінің бірі –пайғамбарымыздың хадистерін айтып қана қоймай, оны өзінің ісі арқылы көрсете білуі. Сол себебті пайғамбарымыз нағыз мұсылман жайында: Абдулла ибн Амрдан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.с.) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деген.
Бұл хадисте пайғамбарымыз мұсылмандарды бір-бірімен танысып, сыйласып, арасындағы сүйіспеншілікті, бауырмалдылықты арттыратын исламдық этика мен моральды қабылдауға бағыттайды. Яғни нағыз мұсылман еш уақытта басқа мұсылманға ешқандай іспен зиян келтірмейді. Бұл жерде тілмен қолды келтіруі бекер емес. Өйткені зиян келтірудің көп бөлігі осы екі дене мүшесімен болады.
Тілмен болатын зияндарға тоқталсақ; бір адамды ғайбаттау, жала жабу, сөгу және т.б. амалдар жатады. Ал қолмен болатын зияндар бір адамды өлтіру, ұру, ұрлау және т.б. Міне нағыз мұсылман еш уақытта ешкімге зиян бермейтін адам. Келесі хадиске тоқталар болсақ.
Абдулла бин Омардан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.): Ағаштардың ішінде жапырағы түспейтін бір ағаш бар. Ол ағаш мұсылман секілді. Ол қай ағаш?»,-деді. Адамдар шөлдегі ағаштарды айта бастады. Мен іштей құрма ағашы болар,-деп ойладым, бірақ, айтуға ұялдым. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Ол қай ағаш айтыңызшы?»,-дегенде, Пайғамбар (с.а.с.): «Ол –құрма ағашы»,-деп айтты (Бұхари, Муслим).
Бұл хадисте мұсылман баласы құрма ағашына ұқсатылды. Өйткені құрма ағашы барлық жағынан адамға пайда беретін ағаштардан. Жемісінің өзі тәтті, әрі пайдалы. Ағашының өзі қолданса құрал, жақса отын. Тіпті құрма ағашының пайдасы оның барлық бөліктерінде бар және оның барлық күйлерінде жалғасады. Ол піскен сәттен бастап қурағанға дейін оны әртүрлі тәсілдермен жейді, содан кейін оның барлық бөліктері, тіпті дәндері де жануарлар үшін жемге пайдаланылады. Сол сияқты, мұсылман адамның пайдасы барлық жағдайда ортақ және ол қайтыс болғаннан кейін де, басқалар үшін жалғасып,айналасына тек пайда беріп зиян бермейді.
Хадистен алатын пайдалар:
Біріншісі: Алла бізге аманат еткен мүшелерді сақтаудың маңыздылығы.
Екіншісі: Мұсылманның қаны мен ар-намысын қорғау.
Үшіншісі: Хадисте тілдің қолдан алдын келуі, тілден болатын зиянның қолдан болатын зияннан қауіптірек, әсері қолдың әсерінен де басым болғандықтан.
Төртіншісі: Ислам шариғаты бойынша мұсылмандардың да, мұсылман еместердің де құқықтарын сақтау.
Бесінші: Құрма ағашыыстық жерде өзінің көлеңкесінің ұзақ өмір сүруімен және жемістерінің пайдасымен мұсылманға ұқсайды және одан көптеген игіліктер шығады, мұның бәрі тек жақсылық.
Алтыншы: Ғалымның өз шәкірттеріне олардың түсінігін тексеру және оларды ойлануға шақыру үшін сұрақтар қоюының қажеттілігін көрсетеді.
Жетінші: Ғылымдағы түсінуге ынталандыру.
Сегізінші: Үлкендерді құрметтеу және жасы кіші адам үлкеннің сөзін бөлу, рұқсат сұрамай одан бұрын сөйлеу әдептілікке жатпауы.
Тоғызыншы: Түсінуді жақсарту, ойдағы мағынаны бейнелеу, ойды анықтау және оқиға туралы шешім қабылдау үшін мақал-мәтелдер мен салыстыруларды қолдануға рұқсат етілуі.
Құрметті оқырмандар! Мұсылман баласы басқаларға зияннан гөрі пайда тигізіп,мұсылманның бет-бейнесі,жүріс-тұрысы қандай болатынын көрсетугетырысу керек. Аз болса да осыдан ой түйіп, іспен көрсете білу мұсылманның сипаты.
Б.Кашкинбаев
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы