Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және оны өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың желтоқсан айында Жетісай ауданы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен рейдтік шаралар өткізілуде.
Шара барысында полицейлер Жетісай қаласындағы Күлпаршын, Үмбетаев базарларында өрт қауіпсіздігі мен пиротехникалық бұйымдарды сақтаумен және таратумен айналысатын (дүкендер, ашық алаңдағы сауда орталықтарын) тексерді.
Нәтижесінде базардағы дүкендердің бірінен сатушының заңсыз пиротехника өнімдерін сатып жатқаны анықталып әкімшілік шара көрілді. Сонымен қатар қала ішіндегі ойын-сауық орталықтарына да тексеру жұмыстары жүргізіліп, ҚР заңнамасымен тыйым салынған темекі бұйымын тұтынған азаматтар анықталып, оларға да шара көрілді.
Жаңа жылды барлығымыз асыға күтіп, бір-бірімізге сыйлықтар дайындаймыз. Сыйлық таңдаған кезде, дастархан жаю барысында және мерекенің басты шарасы болып табылатын пиротехникалық бұйымдарды сатып алу және қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Жақын адамыңызға сыйлық сыйлаймын деп денсаулығына қауіп төндіруіңіз мүмкін. Сол үшін сыйлық таңдағанда төмендегі ережелерді есте сақтаңыз.
Жаңа жылдық сыйлықтарды таңдау кезінде таңбалауға ерекше назар аудару қажет. Ойыншық және тағам түріндегі сыйлық қорабында:
— өнімнің атауы, өндіруші елі, өндірушінің мекен-жайы, импортеры, өндірушінің тауар белгісі;
— сыйлық құрамы, салмағы;
— өнімдерді дайындау күні және буып-түю күні;
— өнімдердің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары;
— өнім құндылығының көрсеткіштері және т.б.
Жаңа жылдық тағам түріндегі сыйлықтардың құрамына тез бұзылатын азық-түлік өнімдері, кремдік кондитерлік өнімдер, йогурттар, сүзбе ірімшіктері, сүт өнімдері кірмеуі тиіс. Бұдан басқа, балаларға арналған тамақ өнімдерінің құрамында алкоголь, табиғи кофе, карамель, жержаңғақ, өрік сүйегінің ядросы, жасанды хош иістендіргіштер, тәттілендіргіштер, консерванттар, аспаздық кондитерлік және гидрогенизирленген майлар мен майлар, сағыз бар кондитерлік өнімдерді пайдалануға жол берілмейді.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес әрбір сатып алушы сауда желісінде тауарды, оның ішінде жаңа жылдық сыйлықты сатып алу кезінде оның шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттармен танысу керек, егер ол сапасыз болып шықса, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, таңбалаусыз немесе қаптаманың бүтіндігі бұзылған жағдайда оны қайтаруды немесе айырбастауды талап ете алады.
Мамандардың айтуынша, мереке күндері жарылғыш заттардан, отшашулардан келер қауіп күшейе түседі. Әсіресе, петардалар мен фейерверктерді ұшыру кезіндегі қауіпсіздік ережелері қатаң сақтаған жөн. Айталық, қолдану алдында нұсқаулықты мұқият оқу, білтені жағар алдында өнімнің қайдан жанатыны туралы элементтерді дәл білу (фейерверкті қалжыңдап адамдарға қаратуға болмайды), іске қосуға арналған алаң тегіс болуы тиіс, оның үстінде ағаштар, электр желілері және басқа да кедергілер болмауы тиіс. Сонымен қатар, ол тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта болуы тиіс. Зымырандар балкондарға жиі ұшатынын немесе пәтерлерге терезе әйнектерін тесіп өтіп, өрттің себебі болып табылатынын ескеру қажет.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қазақстандықтарға Жаңа жыл қарсаңында тұрмыстық пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес берді.
Ұлттық орталықтың мәліметінше, жыл сайын жаңа жылды қарсы аларда адамдар әртүрлі пиротехникалық бұйымдарды сатып алады. Ал жыл сайын елімізде сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға немесе қауіпсіздік техника ережелерін сақтамауға байланысты халық арасында жарақат алу фактілері тіркеліп келеді.
Жарақат алуды болдырмау және денсаулыққа зиян келтірмеу үшін аталған бұйымдарды сатып алу, сақтау және қолдану кезінде төмендегі қауіпсіздік техника ережелерін біліп, сақтау қажет:
Барлық пиротехникалық бұйымдар (петардалар, фейерверктер, салюттер, тарсылдақтар және басқалар) міндетті түрде сертификатталуы тиіс және бұйымға қоса берілетін немесе оның өзіне жапсырылатын қолдану нұсқаулықтары мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы керек. Бұл талап «Пиротехникалық бұйымдардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының 2011 жылғы 16 тамыздағы Техникалық регламентімен реттелген, соған сәйкес бұйымға немесе қаптамасына ақпараттық мәтін және манипуляциялық белгі түрінде таңбалау белгілері, дайындаушы-ұйымның (өнім берушінің немесе импортердің) атауы және орналасқан жері жазылады, бұл бұйымның сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді.
«Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы орындардан сатып алу қажет. Оларды рұқсат етілмеген орындардан (базарлардан, киоскілерден және басқа да сауда орындарынан) немесе «таныс» адамдардан сатып алмау керек, өйткені қолдану кезінде үлкен қауіп туғызатын сертификатталмаған немесе заңсыз әкелінген бұйымды сатып алуыңыз мүмкін. Пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде орамаға назар аудару қажет, оның дымқылданған, айырылған жерлері болмауы тиіс. Егер тауар белгісі бар бұйымдарды сатып алсаңыз, бұйымның сапалы екеніне күмән келтірмеңіз», — делінген хабарламада.Пиротехникалық бұйымдарды құрғақ жерде, орамада, балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтау керек. Оларды дымқыл немесе ауа температурасы жоғары (30°С-тан астам) құрғақ жерде, тез жанатын заттардан, сондай-ақ жылыту құрылғыларынан алыс сақтау керек. Жылдың суық мезгілінде фейерверктерді жылытылатын үй-жайда сақтаған жөн, басқа жағдайда олар температураның өзгеруінен дымқылдануы мүмкін. Дымқыл тартқан фейерверктерді жылыту құрылғыларында кептіруге және оларға жылыту құрылғыларын қолдануға (құрылыс және тұрмыстық кептіргіштерді, дәнекерлейтін шамдарды және т.с.с.) қатаң тыйым салынады.
Оларды қалтада ұстап жүруге және автомобильде ұзақ алып жүруге болмайды. Пиротехникалық бұйымдарды қолданудың алдында міндетті түрде нұсқаулығын оқыңыз. Есіңізде болсын, өзіңізге таныс және кәдімгі пиротехникалық бұйымның өзіндік ерекшелігінің болуы мүмкін.
Оларды қолда немесе дененің басқа мүшелерінде ұстап тұрып атуға болмайды, бетке қарай, дененің басқа да мүшелеріне және басқа адамдарға қаратып атуға қатаң тыйым салынады.
Халыққа сатуға арналған барлық фейерверлік бұйымдардың ішіне от жүргізілген сым салынады. Бұйымның от жүргізілген сымын алдын ала ашып, түзеп алыңыз. Білтені жағудың алдында бұйымның бас жағы қайда екенін және жанатын элементтердің қайдан шығатынын анық біліп алу қажет.
Салюттерді қатты, тегіс жерге орнатқан жөн. Төмен жағы кішкентай салюттерді жан-жағынан топырақпен нығайтқан немесе қатты қарға орнатқан жөн. Бұл бұйымның құлап қалмауына мүмкіндік береді. Ракеталар мен ұшатын фейерверлік бұйымдарды тұрғын үйлерден, төбелері тозған немесе ашық тұрған құрылыстардан алыс жіберген жөн. Жерде атылатын фейерверлік бұйымдар үшін олардың қозғалуына кедергі келтірмейтін тегіс жерді таңдаған дұрыс. Ол мұз, біртегіс топырақ, асфальт, бетон болуы мүмкін. Фейерверк ататын адам бұйымды жаққаннан кейін жанып тұрған фейерверкке арқасын беріп, қауіпті жерден тез арада кетуі тиіс.
«Ең басты қауіпсіздік ережесі: фейерверлік бұйымдардың ішін ешқашан — қолдануға дейін де, қолданудан кейін де ашпаңыз! Пиротехникалық бұйымдарды ашуға, қосымша жарақтандыруға немесе олардың конструкциясын қандай да бір әдіспен өзгертуге ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ», — деп ескертті Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында.
Пиротехникалық бұйымдарды қолданған кезде мыналарға тыйым салынады:
— ересек адамдардың қарауынсыз 18 жасқа толмағандарға қолдануға;
— пиротехникалық бұйымның қасында темекі тартуға;
— оларға механикалық әсер етуге;
— пиротехникалық бұйымды лақтыруға, соғуға;
— отқа тастауға;
— (бенгал оттарынан, торт шамдарынан, тарсылдақтардан басқа) пиротехникалық бұйымдарды үй-жайларда қолдануға;
— (бенгал оттарынан, торт шамдарынан, тарсылдақтардан басқа) жанып тұрған пиротехникалық бұйымдарды қолда ұстап тұруға;
— оларды ғимараттардың, құрылыстардың, ағаштардың, электр желілері жанында және қауіпті жер радиусынан кіші арақашықтықта қолдануға.
— жанып тұрған пиротехникалық бұйымдардан қауіпті арақашықтықта тұруға;
— білтені жаққан кезде, сондай-ақ пиротехникалық бұйым жанып тұрған кезде бүгіліп қарауға;
— білте өшіп қалған жағдайда оны қайта жағуға;
— пиротехникалық бұйымдар жанып болғаннан кейін 5 минуттың ішінде оларға бүгіліп қарауға.
«Осы қарапайым ережелерді сақтау пиротехникалық бұйымдарды сатып алу, сақтау және қолдану кезінде өзіңіздің және қасыңыздағы адамдардың денсаулығына зиян келтірмеуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында.
Пиротехникалық заттарды пайдалану ережесі
1) темекі шегуге және от жағуға;
2) мас күйде жұмыс істеуге;
3) отшашу құралдарын күзетусіз қалдыруға қатаң тыйым салынады.