Соңғы жылдары жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын қылмыстардың өсуі қоғамды алаңдатып отыр. Әсіресе, олар араласқан ұрлық пен бопсалау, алаяқтық пен тонау деректері көбейіп барады. Бұл деректер жастардың әлі оқу орнын бітірмей жатып қылмыс жасап, өз болашақтарына балта шауып жатқандығын көрсетеді.
Себебі, бүгінгі ата-аналардың көбі күйбең тіршілікпен бала-шағаның қамы деп таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Осылайша бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыты болмайды. Ал, мұндай олқылық өтпелі кезеңдегі жасөспірімге кері әсер ететіні анық. Әрине, барлық отбасыға күйе жағудан аулақпыз, дегенмен, кейбір отбасыларда осындай олқылықтардың салдарынан жасөспірімдер теріс жолға түсіп кетеді. Мамандар мұндай кемшіліктерді баланың тәрбиесіне тікелей жауапты ата-аналардың жауапсыздығынан көреді.
Жасөспірімдердің қылмыс жасауының басты себептері: жоқшылық, отбасыдағы жауапсыздық, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі. Сондай-ақ, өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімге әлеуметтік желілердің де ықпалы үлкен.
Қысқасы, жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау және құқықбұзушылықтың алдын алу үшін олармен жан-жақты жұмыс жүргізілуі қажет. Бұл орайда баланың тәртібіне, алдымен, ата-анасы, одан кейін білім алатын оқу орны мен құзырлы мекемелердің мамандары жауап беруге тиіс.
Ж.БЕКБОЛАТ,
Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы–сот отырысының хатшысы.