Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Халықтың ұлттық-мәдени және тарихи дәстүрін нығайту

Халықтың ұлттық-мәдени және тарихи дәстүрін нығайту

Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Сол үшін де халықтың дәстүрлі жүйесін күшпен өзгерту былай тұрсын, негізсіз сынауға да болмайды.

Салт-дәстүр және ұлттың басқа да құндылықтары тек табиғи жолмен ғана трансформацияланады. Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттер деңгейіне қарай деструктивті, не болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті дін», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп ғана құтыла аламыз.

Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Заманымыз түлкі болса, әріптестеріміз тазы болып шалуға әзір тұруы керек. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, қан мен жансыз ұлт тірі өмір сүре алмайды. Яғни, ұлтымыз тірі болсын десек дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Халықтың дәстүрлі рухани құндылықтары.

Дін құндылықтарының діңгегі — бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал, зайырлы тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз.

Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп, көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым — мемлекет аясында ғана орнайды.

Сондықтан да, исламда «Отанды сүю — иманнан» делінеді, дінге қызмет — елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өрениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағынан мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру — дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып табылады.

Сондықтан, діннің құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, орнымен пайдалансақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.

Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениеті.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың.

Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі. Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ.

Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.

Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.

Мәдениет, дәстүр және тіл.

Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар.

Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі.

Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондайақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады.

Жасына жетпей шейх атануға құлшынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабиһ дәрежесіндегі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады.

Халықтың дәстүрлі негіздерін дамыту және қоғамға жалған құндылықтардың енуіне қарсы тұру.

Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері.

Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған.

Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған.

Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор.

Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы.

Ал, қоғамға жат діни ағымдардың өз идеологиясы арқылы салтымызға сына қағып, өзге дәстүрді әкелмек болған теріс пиғылды топтардың мүшелеріне үзілді-кесілді қарсылық таныту үшін қоғамдық санада мықты иммунитет қалыптастыруымыз қажет.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*