Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМНЫҢ ҮЛКЕН ҚАСІРЕТІ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМНЫҢ ҮЛКЕН ҚАСІРЕТІ

Біздің ғасырымыздың үлкен әлеуметтік қасіретінің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл әрбір отбасының әл-ауқатына, балаларымыздың жарқын болашағына және тұтастай алғанда елдің дамуына қауіп төндіріп келеді.

Сыбайлас жемқорлықтың елді ішінен күйзелтудің бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетін көзге көрінбейтін алпауыт күш екені күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат болмағанымен, айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде.

Бұл дертпен әкімдік, не құқық қорғау саласының қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар, қоғамның әр саласындағы белсенділер де атсалысуы қажет. Ата-бабамыздан келе жатқан өзгермейтін бір ақиқат бар: әділдік болмай ешбір қоғам, мемлекет өрге баспайды.

Жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуды барлық мемлекеттік мекемелер қамтамасыз ете отырып, алдын алуда ынталы болуы қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына арналған Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтқан болатын.

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс, – деген болатын.

Мемлекеттік қызметшілер заңбұзушылықтарға жол бермей, ел игілі үшін тың бастамаларды көтеріп, өзекті мәселелерді шешуде нақты шешімдер қабылдаулары-басты міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігі тұрақты түрде мемлекеттік қызметшілермен кездесулер өткізіп, әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясы мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

Түркістан қаласының алдағы жылдарға арналған даму бағдарламасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы мен ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын іске асыруға бағытталған. Қаланың даму көкжиегін айқындайтын кез келген құжат осы қауіптің алдын алу мен оған қарсы күрес шараларын арттыруды көздейді.

Мемлекетімізде тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден бір қажетті шарты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу. Әлемнің көптеген елдері секілді біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді.

Елімізде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданғаны да баршаға мәлім. Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру дамыған елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының маңызды элементтерінің бірі болып саналады.

Кейбір ғалымдардың жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің негізінде 30 проблеманың ішінде бірінші орында – инфляция, ал екінші орында – сыбайлас жемқорлық екені анықталған.

Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана біз бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұрып, тосқауыл қоя аламыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу – барлық Қазақстан Республикасы азаматтары азаматтық борышымыз деп білуі керек.

Осы ретте, барша қала тұрғындарын көлеңкелі экономикаға жол бермей, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алуда бірлесе атсалысуға, жол бермеуге  шақырамын.

Түркістан қаласының әкімі  Ә.ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*