Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Заңды білу – заман талабы

Заңды білу – заман талабы

Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу,кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы мәселе аясында Түркістан қаласының сақшылары жасөспірімдер арасында құқықытық сауаттылық пен теріс пиғылдар мен қылмыстан аулақ болуы үшін жиі кездесулер өткізуде. Сонымен қатар, түнгі уақыттарда кәмелетке толмаған балалардың компьютерлік клубтатарда, сауық кештерінде және ата анасыз көшеде жүруін бақылау мақсатында рейттік шаралар өткізуде.

Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі.Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Жалпы  құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып,мектептен бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады.«Ел болам десең,бесігіңді түзе» деп атам қазақ айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

Мемлекетіміздің бүгіні мен  ертеңін өрге  бастырар жас  жеткіншектер екені  баршамызға мәлім. Болашақтың тізгінін ұстайтын олардың  алдағы  атқарар іс-әрекеттерінің түп тамыры  бүгінгі күнмен тығыз байланысты десек, артық айтқандық емес. Қазақстан Республикасы  өз тәуелсіздігін, егемендігін алғаннан бері жастар саясатына аз көңіл бөлмегендігін  байқауымызға болады. Көптеген жастар ісі  бойынша қоғамдық ұйымдар  құрылғандығы тағы да белгілі. Ел өмірінің қай кезеніне  жіберсек те, балалар  тағдыры  кімді болса да бейтарап қалдырмай, олар жөніндегі  ой қозғар өзекті мәселелерді, аталы қауым еш  уақытта аттап өтпеген. Кейінгі уақытта  жастар арасында  құқық бұзушылық әрекеттердің көбеюі  ешкімді таңқалдырмаса керек. Соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы  істелінетін қоғамдық жат қылықтары кең  етек жаюда. Жалпы  адам жақсы-жаманды отбасынан біліп, оның қыр-сырын бойына сіңіреді. Өйткені, балалардың алғашқы өсіп-өнуі, қалыптасуы, әлеуметтік қарым-қатынасы, байланыстары, іс-қимылдар мен мінез-құлық нормаларын меңгеруі  отбасынан басталады. Отбасы баланың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін, жеке қабілеттерін дамытып, белсенділікке, шығармашылыққа жігерлі, қайратты, адал болуға тәрбиелейді. Сондықтан да жасөспірімдердің адамға, қоғамға, жалпы мемлекет пен ұлтқа  көзқарасы  ата-ананың  көрсеткен тәлім-тәрбиесіне байланысты  қалыптасады. Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына от басында әке- шешесінің тату тұруы, отбасында әке-шешесінің біреуі болмауы немесе екеуініңде болмауы әсер етеді.  Сондықтан да жақсы тәрбие  мен от басындағы жағдайдың жасөспірімдер өмірінде алатын орыны ерекше. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан қоғамды өркениеттілікке жеткізу, ең алдымен, әр отбасындағы өмірді дұрыс ұйымдастырудан басталмақ.

Бұл келеңсіз жағдайдың негізгі себептері бір жағынан отбасында ата-ана мен баланың арасындағы тығыз қарым-қатынастың болмауы, ата-ананың бала тәрбиесіне жете мән бермей, немқұрайлы қарап, баланың «қарны тоқ, киімі көк» болса болдының кейпін келтіруі болса, екінші жағынан әр үйдің ерке баласы болған жастың жұдырыққа жүгініп, бірін-бірі мойындамай, «өз дегенімді істетемін» деудің салдарынан орын алуда. Құқық бұзушылықтың ұшығуының тағы бір себебі: жастардың шетел кинофильмдеріндегі дөрекі, ұрып соғар, басқаны кемітудің арқасында «батыр» болатын кейіпкерлерге елік-теуі . Әрбір құқық бұзушылық пен қылмыс – бір отбасы үшін орны толмас қайғылы оқиға. Қылмыстың нәтижесі біреуді өлімге, енді бірін мүгедектікке апарса, біреу өз өмірінің болашағына балта шауып, темір тордың ар жағында қалады. Қалай десек те, құқық бұзушылық жақсылыққа апармайтынын естен шығармайық. Жас балалардың  құқықбұзушылығына бос  уақыттың  көптігі, пайдалы іспен  айналыспаушылық, ата-ана тарапынан бақылаудың өз  дәрежесінде болмауы, құқықтық білімінің аздығы, сан саласы жақсы істермен қызықтырып, өзіне тартатын  аулалық клубтардың жабылуы басты себепкер болып, мектептен бос уақытында не істерін білмей, еріккен баланың қандай болса да  еліктеушілік  танытуына әкеліп соғуда.

Жас жеткіншектің құқық бұзушылық жолына тез  икемделіп, ересектер ықпалына еруі ата- ананың кінәсі. Егер әрбір ата-ана баласының сабақтан тыс уақытта қандай іспен шұғылданып жүргенін күнделікті бақылап отырған болса ,  өкінішті жайлардың аз болары сөзсіз. Баланың достарының кім екенін, мектепте қалай оқитынын қадағалау ата-ана тарапынан күнделікті  дағдыға айналса, бақылаудың барын сезінген бала құқық бұзушылыққа сирек барар еді. Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау ор­ган­дарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадаға­лауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қа­лып­тасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал са­­бақтан тыс уақыттарда, каникул кез­­дерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдас­тырылмауы, көше­дегі келеңсіз оқи­ға­­лар­дың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық.

Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Елімізде кәмелетке тол­­маған құқықбұзушылардың ісімен шұ­ғылданатын комиссия құрылған. Оған айтар­лықтай арнайы өкілеттіліктер берілген. Егер ата-ана баласының тәрбиесіне қа­рамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады. Келешек ұрпақтың осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек.

Жасөспірімдер тәртібіне қатысты назарда тыс қалып келе жатқан тағы бір мәселе – колледждерде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң, білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады. Негізінен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен барады. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек. Бас бостандығынан айрылғандар қатарында кәмелеттік жасқа толмағандардың көбеюі біздің қоғамды алаңдатпауы мүмкін емес. Қылмыстық жауапкершілікке қылмысты жасау кезінде жасы 16-ға толған азаматтар тартылатындығы белгілі.

Алайда, адам өлтіргені, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру, адамды ұрлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, ауырлататын мән-жайларда көлікті айдап кету, терроризм, адамды кепілге алу, қаруды ұрлау немесе жарылғыш заттар мен басқа да құрылғылар, ауырлатылған мән-жайларда бұзақылық, тағылық, есірткі заттары мен психотроптық заттарды ұрлау немесе қорқытып алу, ауырлатылған мән-жайларда мәйітті немесе олардың көмілген жерлерін қорлау, көлік құралын немесе теміржолдарын қасақана жарамсыздық жағдайға келтіргені үшін тұлғалар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Құқық қызметкерлерінің мәлімдемелеріне назар аударар болсақ кәмелетке толмағандар көбінесе ұрлық, тонау секілді қылмыстар жасайды. Сонғы кезде аталған қылмыстар ішінде ұялы телефондарды ұрлау жиі орын алуда. Мұндай қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер құқық бұзушылардан жасы кіші, әлсіздеу, кәмелеттік жасқа толмағандар болып табылады.

Ендеше келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдеріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, «елім, жұртым» — деп тұратын азамат етіп өсірейік.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*