Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық патриоттық әндер байқауы өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік рухта өткен тағылымды шараға облыстың барлық аудан-қалаларынан келген, жасы 60-тан асқан ардагерлер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Түркістан облысы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай байқаулардың ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ел тарихына деген құрметті арттырудағы маңызын атап өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – тарихи жеңістің маңызын жас ұрпаққа жеткізу, елге деген сүйіспеншілік пен батырлық рухты дәріптеу, ардагерлер ерлігін ұлықтау және патриоттық бағыттағы музыкалық өнерді кеңінен насихаттау. Өнер додасында қатысушылар патриоттық тақырыптағы әндерді жанды дауыспен орындап, орындаушылық шеберлік, дауыс мүмкіндігі, көркемдік мазмұн және сахна мәдениеті талаптары бойынша бағаланды. Сонымен қатар, дуэт, трио және квартет форматында өнер көрсетуге мүмкіндік беріліп, бұл байқаудың мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде шардаралық Нұрлан Адамбековке бұйырды. Жүлделі бірінші орынды созақтық «Сырлы Созақ» квартеті иеленді. Ал, екінші орынға ордабасылық Құрманәлі Жылқыбай мен жетісайлық Алима Жолдыбаева жайғасты. Үздік үштікті сайрамдық Жақсыбай Оңалбек, төлебилік «Нұрлы шуақ» отбасылық дуэті және қазығұрттық «Мейірім» тобы түйіндеді. Сонымен қатар, байқаудың дипломанттары мен арнайы жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталып, қатысушыларға зор құрмет көрсетілді.

Айта кету керек, бұл байқау Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған тағылымды іс-шаралардың бірі ретінде өңірдің мәдени өмірінде ерекше орын алып, ардагерлердің өнері мен елге деген сүйіспеншілігін кеңінен таныта білді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары