Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, «Қазақстан Халық банкі» АҚ демеушілігімен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Халық әуені» концерттік-гастрольдік туры өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған мәдени жоба аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртіс-солистері мен «Бірлік» би ансамблінің өнерпаздары Түркістан облысының бірнеше өңірінде өнер көрсетіп, көрерменге мазмұнды концерттік бағдарламаларын ұсынды. Атап айтсақ, 21 мамыр – Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында, 22 мамырда Арыс қаласында, ал 23 мамыр Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында өткен мәдени кештер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің зор ықыласына ие болды. Концерттік бағдарламаларда ұлттық әндер, эстрадалық шығармалар және хореографиялық қойылымдар сахналанып, өнер сүйер қауымға ерекше рухани әсер сыйлады.
Гастрольдік турдың қорытынды концерті Ордабасы ауданының Темірлан ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Кеш барысында «Бірлік» би ансамблінің әртістері мен «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Жоба ауыл тұрғындарының кәсіби сахна өнерін тамашалауына мүмкіндік беріп, ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталды. Концерт барысында өнерпаздардың жоғары кәсіби шеберлігі мен сахналық мәдениеті көрермен тарапынан зор бағасын алды.
Мұндай гастрольдік жобалар өңір тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, ел ішіндегі өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Әсіресе шалғай елді мекендерде кәсіби өнер ұжымдарының өнер көрсетуі көрермен үшін ерекше рухани серпіліс сыйлайды.
Сонымен қатар концерттік тур жас таланттардың шығармашылық дамуына да оң әсерін тигізеді. Өнерпаздар тәжірибе алмасып, сахна мәдениетін жетілдіріп, кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік алады.
Жоба аясында ұлттық өнерді кеңінен насихаттау, дәстүрлі ән-күй мен заманауи шығармаларды ұштастыру арқылы көрерменге мазмұнды бағдарлама ұсыну басты назарда болды. Бұл өз кезегінде ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамытуға жол ашады.
Алдағы уақытта осындай мәдени гастрольдік іс-шараларды облыстың басқа да аудандарында өткізу жоспарланып отыр. Бұл өңір тұрғындарының өнерге қолжетімділігін арттырып, рухани байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары