Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Шымкентте Қазақстан полициясы күні салтанатты түрде аталып өтті

Шымкентте Қазақстан полициясы күні салтанатты түрде аталып өтті

Шымкент қаласындағы Қызғалдақ сарайында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараны ашқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тәртіп сақшылары мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі олардың маңызды рөлін атап өтті.
Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне жүктелген жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.
– Азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Антқа адалдықтарыңыз бен қызметке деген беріктіктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді генерал.
Мереке аясында «Полицияға алғысыңызды қалай білдірер едіңіз?» атты акция ұйымдастырылды. Арнайы әзірленген тақтаға қала тұрғындары мен қонақтары өздерінің жылы лебіздерін, тілектері мен тәртіп сақшыларының еңбегіне қатысты естеліктерін жазды. Тұрғындар бастаманы белсенді қолдап, полицейлердің күнделікті қызметіне ризашылықтарын білдірді.
Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін 785 полиция қызметкері марапатталды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысып жүрген полицияның қоғамдық көмекшілері мен белсенді азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Олар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, қоғамдық тәртіптің сақталуына және құқық бұзушылықтардың алдын алуға үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруда ішкі істер органдарының рөлі зор. Тәртіп сақшылары заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қауіпсіздігін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау ісінде полиция мен тұрғындардың өзара ынтымақтастығы маңызды орын алады. Осы ретте қоғамдық көмекшілер мен белсенді азаматтардың құқықтық тәртіпті нығайтуға қосып жүрген үлесі жоғары бағаланып келеді.

Мерекелік іс-шара құқық қорғау органдары қызметкерлерінің абыройлы еңбегін дәріптеп қана қоймай, қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған «Заң мен Тәртіп» идеясын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*