Шымкент қаласының атмосфералық ауасының жай-күйі тұрақты бақылауда. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, 2026 жылы Шымкент қаласындағы ауа сапасының ластану деңгейі көтеріңкі деп бағаланған. Қаладағы негізгі ластаушы көздер ретінде өндірістік кәсіпорындар, автокөлік құралдары және жылыту маусымындағы жеке тұрғын үйлердің шығарындылары аталады.
Ауа сапасына мониторинг жеті бақылау бекеті арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» және «3-Энергоорталық» кәсіпорындарында автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі енгізіліп, шығарындылар онлайн режимде бақыланады.
Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мақсатында Полиция департаментімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылды. Тексеру барысында 49 автокөлік тексеріліп, оның 10-ынан белгіленген нормадан жоғары зиянды шығарындылар анықталды. Нәтижесінде алты жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Экологиялық реттеу бағыты бойынша алғашқы жартыжылдықта 37 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде бірінші санаттағы объектілерге экологиялық рұқсаттар беріліп, қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша қорытындылар дайындалды. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 42 кәсіпорын бірінші, 146 кәсіпорын екінші, 477 кәсіпорын үшінші және 368 кәсіпорын төртінші санатқа жатқызылған.
Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі 43 нысанда зерттеу жүргізіп, 634 сынама алып, 4 мыңнан астам зертханалық талдау орындады. Мониторинг барысында Қошқар ата, Қарасу және Бадам өзендерінің қала аумағынан өткеннен кейінгі бөліктерінде ластаушы заттардың мөлшері артатыны анықталды. Мамандар мұны ирригациялық жүйелерден ағызылатын төгінділермен және өзен жағалауындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне толық қосылмауымен байланыстырады.
Экология департаменті алдағы уақытта да қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуын бақылауды күшейтіп, заң талаптарын бұзған кәсіпорындарға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылдауды жалғастырады.
Ауа сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Негізгі мақсат – қоршаған ортаға түсетін зиянды әсерді азайтып, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз экологиялық жағдай қалыптастыру, таза ауаға қолжетімділікті арттыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары