Бүгін Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын және 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында кездесу-семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараны Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бекзат Абубакиров жүргізді. Семинарға құқықтанушы, «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша философия докторы Бекбосынов Ермек Төленұлы арнайы қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтыру мәселелері бойынша мазмұнды баяндама жасады.
Кездесуге мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар және аудан тұрғындары қатысып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Семинар барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен күнделікті өмірдегі ұстанымының маңызына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға заң талаптарын сақтау ғана емес, адалдық, әділдік және ашықтық қағидаттарын қоғамдық ортада берік орнықтыру қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдеп нормаларын сақтауы, қызметтік міндеттерін адал орындауы және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне құрметпен қарауы маңызды екені атап өтілді. Қоғам мүшелерінің құқықтық сауаттылығы жоғары болған сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік артатыны айтылды.
Жиынға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек белгілі бір мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар адал әрі әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ететіні сөз болды.
Іс-шара соңында қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру — баршаға ортақ міндет екені айтылып, мұндай түсіндіру және ағартушылық шаралары алдағы уақытта да жалғасатыны жеткізілді.
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары