Медициналық білімі бар азаматтар енді мемлекеттік медициналық мекемелерге ақпараттық жүйе арқылы жұмысқа қабылданады. Бұл үшін автоматтандырылған «Нr-process» жүйесі іске қосылмақ. Бұған дейін жүйе қаладағы білім саласына ендіріліп, бүгінгі күнге дейін 300-ден астам педагог жұмысқа орналасты.
Мамандарды жұмысқа іріктейтін ақпараттық жүйені іске асыру үшін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен «HR-process» компаниясы арасында келісімшарт түзілді. Келісім негізінде 2021 жылдың сәуір айынан бастап жаңа жүйе іске қосылып, жұмыс іздеуші азаматтар ақпараттық портал арқылы жұмысқа қабылданады. Кадрларды іріктеудің ашық және объективті жүйесі денсаулық саласына үздік мамандарды тартудың кепілі болмақ.
Жаңа жүйе арқылы жұмыс іздеген, медициналық білімі бар мамандар бас дәрігер немесе кадр бөліміне бармай-ақ арнайы бағдарлама арқылы жұмысқа тұруға өтініш білдіреді. Яғни, «HR-process» ақпараттық порталында жұмыс іздеуші азамат өзі туралы толық ақпаратты енгізіп, ұпай жинайды.
Жоғары ұпай жинаған азамат автоматты түрде қаладағы мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа қабылданады.
Айта кетейік, бұл жобаны енгізудегі мақсат – кандидаттар үшін денсаулық сақтау мекемелерінің өзекті бос орындарына қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, кадрларды іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Бүгінде қаладағы мемлекеттік медицина мекемелерінде анестезиолог, реаниматолог, ревматолог, инфекционист және педиатр сынды мамандықтар бойынша 120-дан астам бос орын бар.