Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » ЖАҢА АЗАМАТТЫҚ КОДЕКС: БҰРЫН ЖАСАЛҒАН ШАРТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ

ЖАҢА АЗАМАТТЫҚ КОДЕКС: БҰРЫН ЖАСАЛҒАН ШАРТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Экономика салалары және әлеуметтік сала заңнамасы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сейдімбек Айбар Асылханұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасын қолдайды. Сарапшының пікірінше, азаматтық заңнаманы жаңарту барысында жаңа Кодексті қолданысқа енгізу тәртібін де мұқият айқындау қажет.

Оның айтуынша, бұл ретте жаңа Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған шарттардың құқықтық мәртебесі ерекше маңызға ие. Азаматтық айналымда бірнеше жылға есептелген жалдау, тауар жеткізу, қарыз, мердігерлік және басқа да ұзақ мерзімді шарттар бар. Мұндай келісімдердің талаптары жасалған кездегі заңнамаға, тараптардың экономикалық есептеріне және өздері қабылдаған тәуекелдерге негізделеді.

Сарапшы жаңа заңнамалық нормаларды бұрын қалыптасқан қатынастарға нақты өтпелі қағидаларсыз қолдану шарттық міндеттемелердің тұрақтылығына және азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтық сеніміне кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтеді.

Сейдімбек Айбар Асылханұлы қолданыстағы заңнамада бұл бағытта маңызды кепілдіктер қарастырылғанын жеткізді. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 4 және 383-баптарында азаматтық заңнаманың кері күші болмайтыны және заңнамада өзгеше тікелей көзделмесе, бұрын жасалған шарттардың талаптары кейіннен міндетті заңнамалық талаптар өзгерген жағдайда да сақталатыны бекітілген.

Оның,жаңа Кодексті әзірлеу кезінде осы құқықтық тәсілді сақтап қана қоймай, оны өтпелі ережелер арқылы бірізді жүзеге асыру маңызды. Атап айтқанда, бұрын жасалған шарттарға қандай нормалар қолданылатынын, Кодекс күшіне енгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттердің қалай реттелетінін және қандай айрықша жағдайларда жаңа талаптардың бұрын қалыптасқан қатынастарға қолданылуы мүмкін екенін нақты айқындау қажет.

Сонымен қатар сарапшы құқықтық тұрақтылық қағидатын заңнаманы жаңартуға кедергі ретінде қарастыруға болмайтынын атап көрсетеді. Егер жаңа нормалар қоғамдық маңызы бар мүдделерді қорғауға немесе елеулі құқықтық тәуекелдерді жоюға бағытталса, заң шығарушы арнайы талаптар белгілей алады. Алайда мұндай шешімдер түсінікті, негізді және құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін алдын ала болжамды болуы тиіс.

Сейдімбек Айбар Асылханұлы жаңа Азаматтық кодекстің сапасы оның нормаларының мазмұнымен қатар, қолданыстағы құқықтық реттеуден жаңа жүйеге көшу үдерісінің қаншалықты сауатты ұйымдастырылатынына да байланысты екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, құқықтық реформа тараптардың бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қатысты белгісіздік туғызбай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуы қажет.
Толығырақ:https://www.facebook.com/share/p/1EA7JVGmFu/?mibextid=wwXIfr

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*