Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТ: САУДА ОРТАЛЫҚТАРЫНДА «ТҰТЫНУШЫ БҰРЫШЫ» АШЫЛАДЫ

ШЫМКЕНТ: САУДА ОРТАЛЫҚТАРЫНДА «ТҰТЫНУШЫ БҰРЫШЫ» АШЫЛАДЫ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Айман Қожамұратованың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Айман Ақанқызы 2021 жылдың 1-тоқсанында департамент тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Шымкент қаласы бойынша департаментке жыл басынан бері тұтынушылардан 150-ден аса арыз-шағым түсті. Аталған арыздардың басым бөлігі бөлшек сауда, көлік қызметтері және интернет саудасына байланысты жолданған. Осы бойынша 96, яғни, 80 пайыз арыз толық қанағаттандырылды. Одан бөлек, департамент пен 6 қоғамдық бірлестік арасында меморандум түзіліп, таяуда қаладағы әрбір сауда үйі мен базарларында «Тұтынушы бұрышын» ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл бұрыш саудагер мен тұтынушы арасындағы түсінбеушіліктерді заң аясында дер кезінде шешуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Спикердің айтуынша, бүгінде арыздардың басым бөлігі сотқа дейінгі кінә қою хаттары арқылы шешілуде. Тарқатып айтсақ, арызданушы департаментке кеңес алуға келгенде сала мамандары заң аясында кінә қою хатын толтырып, сауда көрсететін қызметкерге жолдайды. Хатты алған соң, саудагер тұтынушылардың құқығын қорғау заңының 42-4 бабында көрсетілген 10 күндік мерзімде шағымданушының арызын қанағаттандыруы тиіс.
Брифинг барысында Айман Қожамұратова жаңа бірыңғай ақпараттық жүйе «е-tutynushy» платформасы бойынша кеңінен түсіндіріп өтті.
– «Е-tutynushy» платформасы тұтынушы мен саудагер арасында келіспеушілік болған жағдайда тек мемлекеттік құзырлы мекемеге емес сауда орнының басшылығына да арыз түсіреді. Содан кейін 10 күн ішінде шағымның толық шешілуін қадағалайды. Бұл жүйенің мақсаты қала тұрғындарының тұтынушылық сауаттылығын арттыру болып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта базарлар мен сауда орталықтарында платформаға тіркелу бойынша шағын нұсқаулық түрінде баннерлер орнатылмақ, – деді спикер.
Айта кетейік, «е-tutynushy» жүйесіне тіркелу және департаментке жекелей сұрақтар туындаған жағдайда 8 747 936 41 84 нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*