Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ШЫМКЕНТТЕ «РАМАЗАН – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЙЫ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ «РАМАЗАН – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЙЫ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Биылғы Рамазан айында Шымкентте қала әкімдігі мен шаһардағы мешіттер бірлесіп, «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясын ұйымдастырып отыр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында аталған акцияның маңыздылығына тоқталды.
– Барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Бес парыздың бірі – Ораза – ауыз бекіту, ауызашар беру, мұқтаж жандарға қол созу сынды сауабы мол игі істерге толы қасиетті ай. Бұл айды мұсылман үмбеті асыға күтіп, көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Баршаңызды жақсылыққа жаршы, ізгі амалдарға бастау болатын Рамазан айымен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, бүкіл әлем мұсылмандары осымен екінші жыл қатарынан Рамазан айын жер-жаһанды алаңдатқан жұқпалы індет жағдайында өткізіп отыр. Сондықтан санитарлық қызмет тарапынан қала тұрғындарының денсаулығын сақтау мақсатында мешіттер мен қоғамдық тамақтану орындарында, ауызашар беруге және жамағатпен бірге мешіттерде тарауих намазын оқуға шектеу қойылады. Түсіністікпен қарайсыздар деп ойлаймын, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ шаһар басшысы қала тұрғындарын Оразада мұқтаж жандарға қол ұшын созатын «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясына қатысуға шақырды.
– Қарт ата-анаңыздың, балаларыңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу үшін үйге адам жинап, ауызашар бермеуге шақырамыз. Оның орнына қасиетті айда мұқтаж жандарға немесе ауыз бекіткендерге азық-түлік себетін жолдауға болады. Бұл сауапты бастаманы мүфтият та қолдап отыр. Баршаңызды Оразада мұқтаж жандарға қол ұшын созатын «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясына қосылуға шақырамын. Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын, дұға-тілектеріңіз орындалсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Шымкент қаласы өркендей берсін! – деп жазды М. Әйтенов.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда шаһарда 46 мың 339 көпбалалы ана және 37 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Сондай-ақ 82 мыңнан аса зейнеткер, 3 мың 384 тыл ардагері және 21 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*